Тың трендтер мен сәннің ең соңғы жаңалықтарынан әрдайым хабардар болып жүретін «Джейрандықтар» жаңа бейнебаян әзірлеуде. Олардың айтуынша, туынды арқылы аруларды енді көпшілік мүлде жаңа қырынан көрмек. Тілшіліміз анығын сұрап көрді.
Ырғақты музыка желісіне таспаланған бұған дейінгі бейнебаянда, мінезді арулардың образын сәтті сомдаған «Джейрандықтар» енді жаңа кейіпте. Қыздар бұл жолы, жан тебірентер әнге таңдау түсіріпті.
«Джейран» тобы:
- Ал, қазір көңіл-күй осындай. Сондықтан, халықты лирикалық әнмен бір тербетіп алғымыз келеді. Сөздері өте әдемі, терең мағыналы. Соны бейнебаянда әдемі етіп көрсетуге тырысамыз.
Су жаңа туындының түсіріліміне білек сыбана кіріскен арулар, жаңа бейнебаянның сюжеті қызықты болады деп сендірді.
«Джейран» тобы:
- Бейнебаянда әр қыздың өз образы болады, өзінің локациясы болады. Бұл күнделікті өмірде, әрбір адам бастан кешіп жүрген махаббат хикаясы. Яғни, адамдар бір-бірімен керіседі, ұрысады. Сүйеді, жылайды, әртүрлі жағдайда болады. Сол жағдайларды әдемі, тәтті етіп көрсету.
Жауыр болған «Махаббат» тақырыбын, тыңдарман жатырқамай ма?! Дәл осы сұрақты қыздардың өзіне қойып көрдік. Алайда, «Джейрандықтар» жаңа ән арқылы жұртты елең еткізе аламыз деп отыр.
«Джейран» тобы:
- Махаббат болды, бар және болады. Және де әрбір адамға сол махаббат туралы көрген қызық. Әр адам өзінің кішкене ғана өмірін, осы бейнебаяннан тамалашаласа болады.
Олай болса, қыздардың еңбегін әділ бағалау енді халықтың еншісінде!