Опа-далап, арықтататын заттар, тағысын тағы. Мыңдаған оқырмандары бар жұлдыздардың инста-парақшасынан, бұл өнімдер бір-екі мәрте жарқ етіп көрінсе болғаны, саудасы жүре бастайды. Ал сол жарнамасы жарқыраған дүниелерді өздері тұтынып көрді ме?
«Енді, өзім жарнамалайтын дүниені, алдымен қатаң тексерістен өткізіп барып тұтынамын» дейді Нағимуша. Себебі вайнер, жарнама берушілер ұсынған қаржыға қызығып бір ажалдан әрең аман қалған екен.
Нағима Ахметова, вайнер:
- Қаншама ауырдым. Сосын өзіме бір шешім қабылдадым.
Сая Оразғалиева болса, инстаграмдағы жазбаларын көбіне тегін жасайды. Бірақ кім көрінген мен көлденең көк аттыға емес, кәсібін жаңадан ашқан жастарға ғана. Саяға бір өнімді жарнамалау туралы ұсыныс түссе, мұқият тексереді. Себебі, төленген ақшадан гөрі сапа мен қауіпсіздік маңызды дейді ол.
Сая Оразғалиева, актриса:
- Мен өзім тұтынбаған дүниені ешқашан жарнамалаған емеспін. Мені көбінесе декреттегі аналар, жас аналар мен бойжеткендер көп оқиды. Сондықтан, мен сапасыз өнімді оларға ұсынып ұятты болудан қорқамын. Үнемі бәрін жіті бақылап отыруға тырысамын.
«Арзанның жілігі татымас..» Бұл әнші Динаяның ұстанымы. Ол қаржысы мол берілетін сапасыз дүниелерді жарнамалап, абыройын түсіріп алудан қорқады.
Dinaya, әнші:
- Үш мың теңгелік көз бояуын жарнамалап, инстаграмда бір ғана пост жазуға қыруар қаржы ұсынды. Бірақ, арзан дүниенің беделіме нұқсан келтірері анық. Ертең оқырмандарымның арасында сапасыз дүние қолданады деген пікір қалыптасады ғой.
Нағимушаға немесе Саяға жарнама беру үшін кемі 200 долларыңыздың болғаны абзал. Бұл істе отандық жұлдыздардың бірі халықтың сынынан қорықса, бірі қалтасын қампайтудың төте жолын тапқандай. Бірақ жазған постына, жасаған жарнамасына әркімнің өзі жауапты.