Дарынды режиссер Ақан Сатаев «Томирис» картинасын таспалауға кірісті. Ерекше сұлулығымен күллі қазнетті шулатқан Альмира Тұрсын да, түсірілім алаңында тер төгіп жүр. Журналистерге алғаш рет сұхбат берген ол, актриса болуды бұрыннан көздегенін жасырмайды.
Ақан Сатаев таспалауға кіріскен «Томирис» картинасы Мел Гибсонның «Апокалипсис» туындысын еске түсірмек. Ондағы кейіпкерлер ежелгі түркі мен иран тілдерінде сөйлейтін болады. Тіпті, ол үшін актерлерге жаңа сөздерді жаттауға тура келген.
Ақан Сатаев, режиссер:
- Біз өзіміздің сцеариімізді кішкене басқаша жасадық. Өйткені, оны айтып отырғанымыз, міндетті түрде тарихшыларға сілтеме жасаймыз. Бірақ, художественный жағынан өзімізге орын қалдырдық.
Түсірілім алаңына тарихшыларды топтастырған Сатаев, кейбір актерлерге көзінің түсін өзгерту үшін арнайы линза таққызған. Ал, қиялындағы кейіпкерлерді картинада көрсеткісі келген ол, басты рөлдегі актрисаны инстаграм арқылы тапқан.
Альмира Тұрсын, актриса:
- Маған Жайна жазды хат. Сондай проба болады деп, келіңіз деп... Енді, менің өзіме қызық болды да, сол барып, пробаға келдім. Енді, маған сразу айтқан жоқ, болам ба болмаймын ба.
Бұл Альмира Тұрсынның киноға алған алғаш шақыртуы емес. Психолог-тәлімгер актриса болуды бұрыннан ойласа да, түскен ұсыныстардың көңілінен шықпай келгенін айтады. Сатаев сондай-ақ, Тұмар ханшайымның бойжеткен шағын сомдайтын актрисаны да тапқан. Ол, әнші Мөлдір Әуелбекованың қоластындағы қыздардың бірі.
Жайна Абдиева, кастинг директор:
- Жаңа режиссер айтып кеткендей, 15 жасқа Салтанат Серкебаева деген қызды бекіттік Альмираға ұқсаған соң. Сол Салтанатқа ұқсаған соң, Лияны бекітіп отырмыз.
Лия Фомина, актриса:
- Мен дайындалып жатырмын, маған сценарий берді. Мен сценариді жаттап жатырмын.
Тоғыз жасар Лия бұған дейін отандық «Батыр» атты лентада төбе көрсеткен. 15 мың үміткердің арасынан суырылып шыққан оның, атқа мінуде де тәжірибесі жетерлік. Еске салсақ, Тұмар патшайымның образын сомдауға сегіз актриса жұмылдырылмақ. Ал, тарихи лентаның түсірілім жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспаралануда.