Көпшілік сарыла күткен «Сиситай» картинасының алғашқы көрермендері, дәл осындай тосын жағдайға тап болды. Иә, жиналған жұрттың алдында, бір-бірін құшағына қысқан Баян мен Алуаның бұл қылығына бәрі аң-таң! Сонда, осы уақытқа дейін тістесіп келген азулы продюсерлердің татуласқаны ма?!
Сиситай – әйгілі жұлдыз Си Си Кэтчтің атымен байланыстырылған, қазақ қызының есімі екен. Фильмде өнерге құштар бұрымды, әкесінің қарсылығына қарамастан әнші болуды армандайды. Алайда кенеттен ата-анасынан айырылған қаршадай қыз қара жұмысқа жегіліп, кейін ойда жоқта танымал продюсер Алиса Мақсұтқызының көзіне түседі.
Баянның қуанышына ортақтасқан отандық шоу-бизнес өкілдері үшін, бұл кеш тосын-сыйға толы... Өйткені, тұсаукесерге келген жұлдыздар жаңа жобадан бөлек, Алагөзова мен Қонарованың арасындағы қарым-қатынастың түзелгеніне куә болды. Дәл осындай жылы жүздесуден кейін, Алуаның кереғар пікір білдіруге де зауқы жоқ!
Алуа Қонарова, продюсер:
- Мен әрқашан шындықты айтамын. Туындының сценариі сауатты жазылған, режиссердың жұмысы да көңілден шықты. Монтажбен қатар актерлық құрамды да жақсы таңдаған.
«Сиситай» – қазақстандық киноөндірістегі тұңғыш мюзикл. Сондықтан болар, туындының алғашқы көрермендері, бұл жанрға жатырқай қарағандай...
Мәдина Сәдуқасова, әнші:
- Мен шынымды айтайын. Тіпті айта алмай тұрмын не көргенімді. Мұны қандай жанрға да жатқызуды білмейді екенмін расында.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:
- Салыстыру жоқ бізде. Қазақстандық басқа мюзиклдер болса салыстырып, мүмкін кемшін тұстарын айта алар ма едік.
Баян бұл картинаға көлемді кастинг өткізіп әуре-сарсаңға түспепті. Актерлық құрамның басым бөлігі, Алагөзованың продюсерлік орталығындағы қыз-жігіттермен толыққан...
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының әншісі:
- Бірінші рет көрдім шынымды айтсам. Негізі мюзикл деген керемет нәрсе екен. Бірақ өзімнің ойнағаныма көңілім толған жоқ. Өйткені мен кәсіби актриса емеспін.
Ал, қазақстандық көрерменге таңсық жанр, кассаны қаржыға толтыра ала ма?! Нәтижесі алдағы күндердің еншісіне қалдырдық!