«Жалшыдай қызмет қылып, ханша демалуды» кез келген адам құп көретіні анық. Соның ішінде, отандық шоу-бизнес өкілдері оқ бойы озық тұрған сияқты. Жылдың төрт мезгілінде де, төрткүл әлемді шарлаудан жалықпайтын әртістер кімдер?
Бүгінде әлемнің кез келген түкпіріне, қалаған уақытыңызда ұшып бара аласыз. Тек қаражатыңыз қалтаңызда, көңіл-күйіңіз орнында болсын. Бұл жұлдыздар қауымына ешқандай қиындық туғызбасы анық. Өзі таңдаған авиакомпанияны инста-парақшасында жарнамалағаны жеткілікті! Мәселен, жақында ғана Вьетнам елінен оралған әнші Данияр Өтеген жиі саяхаттайды.
Данияр Өтеген, әнші:
- Шет елге енді әртүрлі ше. Ол жұмыс барысына байланысты. Себебі, шет елге жұмыс бабымен көп шығып тұрамыз және де бір екі рет жылына міндетті түрде, демалуға баруға енді тырысамыз.
Ал актриса Айнұр Ілиясова болса, ана атанғалы шет елге шығудан қалдық дейді. Тығыз график, тынымсыз түсірілімдер мен отбасылық қат-қабат тіршілік.
Бәрі нәзік Айнұрдың мойынында екен.
Айнұр Ілиясова, актриса:
- Шет елге негізі бұрын жылына екі, үш рет шығып тұратынмын. Қазір бір рет, екі рет. Шүкір Құдайға әйтеуір бір рет болсын шығып тұрамыз.
Жат жұртта той тойлау, туған күнді атап өту немесе жәй ғана қысқы демалысын жылы жақта өткізуді таңсық көрмейтін жұлдыздар қатарында, көш бастап тұрған Қайрат пен Жұлдыз. Бұл тізімде Баян Алагөзова, Әли Оқапов, Аян Бірбаев, Нұржан Керменбаев, Жұлдыз Өмірғали сынды өнер өкілдері де бар.