Германияда шымылдығын түрген Берлинале кинобайқауына, биік өкшелі туфли киген еркектерді кіргізеді ме?

Сообщить о проблеме с эфиром

Германияға жаһандық киноиндустрияның беткеұстарлары  лек-легімен ағылды. Олардың мақсаты кезекті Берлинале  кинобайқауында төбе көрсету. Ұйымдастырушылар шараға, биік өкшелі туфли киген еркектер мен етік киген әйелдерге де келуге рұқсат етіпті. Бұл мырзалықтың астарында не жатыр?!

Осыдан үш жыл бұрын Канн кинофестивалі даумен аяқталғаны бар. Себебі, салтанатты шараға биік өкшелі туфли кимеген әйелдер қауымына, қызыл кілеммен жүру бақыты бұйырмаған еді. Берлиналеде мұндай талаптардың тізімі қысқарып, қарапайым дресс-код ұсынылды!

Осымен 68-ші мәрте өтіп отырған Берлинале кинобайқауында, қызыл кілем салтанатында бой көрсеткен жұлдыздар, санадан тыс образдарымен ешкімді таңқалдыруға тырыспаған. Дегенмен, кейбір нәзік жандылар, ерлердің стиліне жақын ақ-қара түсті костюммен көзге ілінді. Енді бірі, ертегіде кезігетін ханшайымның кейіпінде жарқ етті. Қысқасы, бар жақсысын киіп, үлде мен бүлдеге оранған жұлдыздар, жүздеген камера үшін таптырмас нысан болды.

Кинофестиваль шымылдығын ашқан «Собачий остров» анимациялық картинасы. Қоқыс тасталатын аралға жер аударылған иттердің оқиғасы көпшіліктің оң бағасын алған секілді.

Дитер Косслик, кинофестиваль жетекшісі:

- Барлығы жақсы өтуде. Берлинале байқауының, шығыс жұртының жаңа ит жылын тойлауымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Сондықтан, көрермендер мен қатысушылар зор ләззат алды деп сенем.

Берлинале кинофестивалінде 400-ге жуық картина таныстырылады. Айтулы шара 25-ші ақпанға дейін жалғасын таппақ.