Белгілі вайнер Нұрлан Батыровтың «Проявление» атты дебютті картинасы, қазақстандық кино-прокатта сәтсіздікке ұшырауда! Жарнамасы жер жарған фильм, үш апта бойы үлкен экрандарда көрсетілсе де, көрерменін баурай алмаған сынды. Себебі, табысы тым қарабайыр.
Нұрлан Батыровтың тырнақ алды туындысы, көпті елең еткізе алмағаны анық. Комедиялы картиналарға еті үйренген біздің көрерменнің, триллер жанрындағы «Проявление» фильмі тәбетін аса ашпағандай. Өйткені, соңғы уик-эндте аталмыш үрейлі лента 931 мың теңге тауып, 12-ші орынды місе тұтқан.
Көш басындағы фильмдер тізімінен «Движение вверх» спорттық драмасы әлі де түсер емес. 1972-жылғы Олимпиада финалында жеңіске жеткен КСРО баскетбол құрамасы жайлы шынайы картина, өткен аптада 13 500 000 млн-нан астам теңгені қоржынына салған.
Джерард Батлер басты рөлді сомдайтын «Охота на воров» та үздіктер сапында. Лос-Анджелес полициясына қарайтын азулы із-кесушілер мен жүрек жұтқан банк тонаушылар арасындағы тартысқа толы шытырман картина, табысты шықты. Фильм соңғы демалыста 60 млн теңгедей қаржыны қалтасына түсірді.
Бұл бес күндіктегі ақшалы картиналарды басып озып, мәреге бірінші жеткен «Бегущий в лабиринте: Лекарство от смерти» туындысы. Қиял-ғажайып боевиктің табысы 95 млн теңгені құрайды. Фильмнің үшінші бөлімі көрерменнің көңілін тапқан секілді.