Той алаңындағы және сахнадағы әншінің айырмасы не?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Концерт пен той тыңдарманын талқыға салған жұлдыздар арасында шайқас басталды. «Топырлаған той әншілері сахнаның сәнін кетірді» - дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі. Ашуға булыққан композитор: «Халықтың қазынасы арқылы қалтасын қалыңдатқан өнер иелері, тек шағын аудиториямен шектелсе» - деген, ұсыныс тастады. Оның сөзінше, мейрамханада ән салатын жұлдыздарды, киелі сахнаға шығармау керек.

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Сахнаны неге киелі дейді? Бұған адам алдын-ала билет алады, киімін дайындайды. Өзін психологиялық тұрғыдан дайындайды, гүлін алады. Дайындалып келіп, сені періштедей, құдайдай көріп, кешіңе қатысады. Ал, тойда отырсаң біреуі темекісін шегіп келіп жатыр. Біреуі тамағын жеп отыр, біреуі ватсапқа түсіріп, суретін жіберіп жатыр. Ол саған деген құрмет емес.

Бұл тақырыпқа қатысты отандық шоу-бизнес өкілдерінің де пікірі сан-алуан. Мәселен, Керменбаев зәулім сарайлардың сахнасында ән шырқайды және шақырту алса халықтың қуанышында өнер көрсетіп қайтудан да жатырқамайды.

Нұржан Керменбаев, әнші:

- Концертте де отырған көрермен ол да тойға барады. Тойға барған көрермен оның да концертке баруы мүмкін.

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Киелі сахна мен тойды шатастырып алды. Олар өздерін алдағысы келеді. Онда халық отыр ғой дейді. Айналайын, түрмеге барып ән айтсаңшы, саунаға барып ән айт.. Онда да халық отыр ғой.

Той орындаушылары мен кәсіби әншілерді саралайтын көркемдік кеңес құрылса, киелі сахнаға шығатын шынайы таланттардың да сапасы артар еді» - дейді сазгер. 

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Роза Бағланованың өзі айтқан: «Мен қаншама рет халықтың алдында ән айтып жүрмін. Сахнаға шыққанда аяғым бір дірілдейді. Бір ток ұрғандай болады» - дейді. Ол сахнаның құдіреті.

Композитор Қалдыбек Құрманәлі қалауын айтты! Ал, той мен сахнадағы кәсіби әншілердің ара-жігін ажырату, талғамы биік тыңдарманның еншісінде.