«Журналистермен жұлысқан кім?! Төреғали! Тілшілермен тістескен кім?! Тағы да Төреғали! БАҚ өкілдерін балағаттаған да Төреғали..» Өзі жайлы жағымсыз жаңалықтардан шаршаса керек, Ұлы дала баласы дәл осы тектес видеоны инста-парақшасына салыпты. Көздегені не екен?!
Иә, танымал әншінің атағы аспандаған сайын, соңынан ерген қауесеттің де саны артуда. Төреғалидың өзі желіге жүктеген бейне-үзікке зер салсақ, құдды бір «Менің атым Қожа» фильміндегі бұзық баланың қылықтары еріксіз еске оралады. Ал, жұрт бұл видеоны журналистерге берген жауабы деп жорамалдап жатса, аға буын Төрештің тарапынан кеткен ағаттықты кешіре бастағандай.
Тоқтар Серіков, әнші:
- «Кешіретін ел барда, есіретін ұл бар» - дейді қазақ. Сол бір байқамай есіріп қойған шығар. Біздің халық сондай кешірімді ғой. Өзі жөндеп алады. Енді, бұдан кейін жасап жатқан қателік болса, білмеймін енді...
Тоқтардың мұндай тоқтамға келуі де орынды. Өйткені, қазақ өнері өкілдерінің арасында «жұлдызды дертке» шалдыққан танымалдар легі, тек Төреғалимен шектелмейді. Бұл сырқат бұрыннан бар деседі...
Жұбаныш Жексенұлы, әнші:
- Менің сол «жұлдыз ауруымен» сырқаттанған кезім сол ешкімнің көзіне түспей, көрінбей жүрген кезімде өтіп кетті. Ол үшін өте данышпан, ақылды болу керек шығар, ондай аурумен ауырмау үшін.
Танымалдылықтың тартуы таяқ болып тиген әншілердің тізімінде Әуелбекова да бар. Мөлдірдің шығармашылығы шарықтап тұрған шақта «жұлдыз ауруын» жұқтырып, тыңдармандарын талай мәрте ренжіткені әлі күнге дейін есінде.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
- Шынай халықтың махаббатына бөленген әнші, ол міндетті түрде сондай этаптан өтеді. Оны көтеру оңай емес. Ондай қошеметті, ондай махаббатты, ондай қолдауды... Менің өзімнің де басымнан өткен. Әр әншінің басынан өтеді..