Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтіп жатқан қысқа Олимпиада ойындарынан, медальдың сыңғыры естілмегелі біраз күн болды. Қазақстандық Юлия Галышева қола алғалы бері, спортшыларымыз өзге жарқын жетістіктерімен қауанта алмауда.
Юлия Галышеваның қоласы Қазақстан құрамасының Пхёнчхан олимпиадасынан алып қайтар жалғыз жүлдесі болмасын деп тілейміз. Әзірге, спортшыларымызға медаль бұйырмай тұр. Шорт-трекшілеріміздің жаппай сәтсіздігінен кейін, конькимен сайысуда Екатерина Айдова 1000 метр қашықтыққа бағын сынап, үздіктердің қатарынан көріне алмай, 24-ші орынды місе тұтты. Енді, 26 жастағы конькишіміз 500 метр қашықтықта сайысқа түседі.
Биатлоннан жекелей сында Қазақстан атынан Галина Вишневская, Дарья Климина, Ольга Полторанина және Алина Райкова бақтарын сынаған. Төрт спортшымыздың арасында Вишневская ең жақсы нәтиже көрсетті. Ол 15 шақырымда - 46 минут 23.4 секундта жүріп өтіп, 45-ші орынға жайғасты Полторанина болса 46-шы келсе, үш рет нысана көздеуде қателескен Райкова 48-ші болды, Климина 51-ші сатыға тұрақтады.
Тау-шаңғышы қыздар арасында үлкен слалом бойынша сайыстар өтті. Бұл додада ел намысын қорғаған жалғыз Қазақстандық спортшы Мария Григорова -21,17 секунд нәтижесімен 51-ші орынды қанағат етті. Ерлер арасынан тау-шаңғы жарысына түскен жерлесіміз Игорь Закурдаев шапшаң түсу сайысын 39-шы орынмен аяқтады.