Әрдайым әсем көріну үшін, жұлдыздар қанша қаражат жұмсауға әзір? Әлемдік жұлдыздар сияқты, отандық өнер иелері де әсем көріну үшін, барын салуға әзір. Тіпті, танымалдар қатарында салон жағалаған ер азаматтар да жетерлік. Олар бұл іске айына қанша қаражат жұмсайды?
Табиғи көркімен жұртты тәнті еткен Гүлназ Жоланова, арнайы салондарды жағалап, қалтасын жұқартуға құлықсыз. Халықтың сүйіктісіне айналған ару, тек айына бір рет сұлулық мамандарының есігін қағуды жөн көреді.
Гүлназ Жоланова, әнші:
- Шыны керек мен ондай аптасына бір рет барамын деп айта алмаймын. Өзім қолымнан келетін болса, үйде жасаймын. Бірақ та, айына бір рет барып тұрамын. Айына бір барғандағы шығын, ең азы деген он мың болар, ең көбі отыз.
Актриса Динара Бақтыбаева әсемдік орталықтарының тұрақты мейманы. Бірақ, шамамен шығындайтын қаржысын дөп басып айта алмады.
Динара Бақтыбаева, әнші:
- Кеткен шығынымды санамайды екенмін. Бірақ көбінесе маникюр, педикюр жасатамын. Шамамен 15-20 мың теңге көлемінде шығар.
Танымалдар арасында, сұлулық салонын жағалаған жігіттер де жетерлік. Алайда, олардың қолданатын қызмет түрі - тек біреу.
«Melo Men» тобы:
- Қыздар сияқты боянып, өйтпейміз. Бірақ, дегенмен шаш үлгісіне барамыз. Шаш қысқартуды бір бөлек, жасатуға бір бөлек барамыз ғой.
Арман Қоңырбаев, әнші:
- Енді мен, айына бір рет шашымды қидырамын. Бағасы үш мың теңге.
Күйеуінің қалтасының қамын күйттеген Аша Матай, артық шығын кетірмей-ақ, әрдайым әсем көрінудің оңтайлы тәсілін тауып алған.
Аша Матай, әнші:
- Мен көп ақша кетірмеймін. Арманға да ыңғайлы деп ойлаймын негізі. Себебі, сол салада, яғни сұлулық салонында көптеген таныс қыздарым бар. Олар маған тегін жасап береді шынымды айтсам. Мен оларға жақсы мақтап тұрып, жарнама беремін.