Сатылымы мол Баян Алагөзова мен Ләйлә Сұлтанқызының кітаптары әдеби «Оскардан» неге құралақан қалды?
Баян Алагөзова мен Ләйла Сұлтанқызының кітаптары тез арада саудаланып, ол туындыларды жұрт таласа оқыған еді. Жарнамасы жер жарған бұл еңбектер, авторларына коммерциялық тұрғыда мол табыс әкелгені де бар. Бірақ, таяуда табысталған «Әдеби оскар» марапатында екеуінің де аты жоқ. Неліктен?
«Алтын қалам» әдеби байқауы алты жылдық тарихында талай талантты автордың есімін танытуға сеп болды. Енді, ұйымдастырушылар өткен жылды қорытындылап, еліміздің заманауи әдебиетін дамытуға үлес қосқан тұлғаларды марапаттады.
Кенже Жұманұлы, «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы:
– Әдеби Оскарды табыстаймыз деп атап отырмыз... Қаңтар айы бойы біз зерттеу жүргіздік, соның қорытындысы бойынша бес аталымды таң алдық. Ол жылдың үздік дебюті, жылдың үздік баспагері, жылдың үздік меценаты және кітап лайк деп аталады.
Әдеби «Оскарды» алғандар тізімінде, шығарған кітаптарын 2017 жылы жұрт таласа сатып алып, жанталаса оқыған Ләйлә Сұлтанқызы мен Баян Алагөзова көрінбейді.
Қуат Домбай, «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы:
– Авторлардың өз талантымен жазған кітаптар, немесе өзім туралы жазылған кітап деп салыстырғанда, миссиямыз әдебиетті дамыту үшін осы авторларды қолдау. Баянды жақсы танимын, ол өте жақсы продюсер...
Құндылық жағынан, ол кітап «Алтын қаламның» миссиясына келмес...
Былтыр еліміздегі кітап дүкендерінде ең көп сатылған туындылар тізімінде Ләйлә мен Баянның да еңбектері жүр. Солардың қатарында «Алтын қаламда» бас жүлде алған Тұрысбек Сәукетайдың «Мен жындымын» атты кітабы да бар. Жазушылық қабілеті шынымен оянып, өз қаламымен әдеби дүние жазған авторды, ұйымдастырушылар бұл байқаудан көруге әркез қуанышты!
Қуат Домбай, «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы:
– Кейін Баян өзі кітап жазып жатса, қош келсін, шақырамыз әрине қатысуға...
Қаламгерді шабыттандырып, демеушілік жасайтын жомарт жандар әдебиет дамуының қозғаушы бір күші. Мысалы, кәсіпкер Бауыржан Оспанов «үздік меценат» атанып, бұл кеште әдеби «Оскар» марапатын еншіледі.