Санжар Мәдиев жауапты ота жасатуға келісім берердің алдында, өз қорқынышын әрең жеңген көрінеді. Дәрігердің пышағына ілінген соң, актердің өмірі де күрт өзгерген. Бұл жайында ол алғаш рет «Ревю» тілшісіне сұқбат берді.
«Жыл басында аяғыма ота жасаттым. Қазір бәрі жақсы» - деген актер, желіде тағы бір жаңалығымен бөлісті. Ол Американың Нью-Джерси штатында өткен іс-шарада, жыл сайын тек үздіктерге ғана табысталатын «Спорттық оскарды» иемденген.
Санжар Мәдиев, актер:
- Бәрі күтпеген жерден болды. Нью Йоркте түсірілім алаңында жүрген едім. Продюсерлерім бұл оскарға менің түйіндемемді жіберген екен. Аз уақыта жауабы шығып, нәтижесінде маған бұйырды.
Мәдиев, өзі меңгерген шет тілдерінен бөлек, қазақшасын да жетілдіруді қолға алған. Себебі, әртісті тіл білмейсіз деп сынайтындар көп екен. Дегенмен, тіл үйренуге келгенде, өнер иесінің ішінде белгісіз бір психологиялық кедергі бар көрінеді.
Санжар Мәдиев, актер:
- Ішімде қандай да бір психологиялық кедергі бардай. Соны жеңу үшін аздаған уақыт керек. Менің сөздік қорым өте жақсы. Сондықтан, қазақшаны тез еңсеріп әкетемін деген ойдамын.
Таяуда отандық көрермендерді көптеген тың жобалармен қуантамын деген актер, келешек жоспарларын әзірге жасырын ұстауды жөн көреді. «Бірақ, Санжар Мәдиевті алдағы уақытта талай кинокартиналар күтіп тұр», дейді өзі.