Қашан Қазақ футболы көркейіп, оң нәтижелерге кенелеміз?! Бұл сұрақ - мыңдаған жанкүйерлердің бүгінгі сары уайымы! Егер, ұлттық құраманың тізгінін білікті болгарлық бапкер Станимир Стойловқа сеніп тапсырсақ, Әлем чемпионатын көрер күн туар ма екен?! Серік Ноянбайұлы тарқатады.
Қазақстан құрамасының әлемдік алпауыт елдермен терезесі тең ойнай алатын дәрежеге жететін күнді, жанкүйерлер әлі беймәлім келешектен күтумен жүр. 2017 жылдың ақпанында Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Александр Бородюк, 7 кездесу өткізіп, 6 матчта жеңіліп, 1 ойынды тең аяқтады. Бұл олқы көрсеткіштер, Қазақстан футбол федерациясын үлкен реформалар жасауға итермелеген сынды.
Көңіл көншітпеген Бородюкпен ресми түрде қоштасқан соң, Қазақстанға білікті бапкерге сұрау салына бастады. Негізгі үміткер ретінде «Астана» командасының жұлдызын жаққан, Станимир Стойловтың есімі БАҚ көздерінде жиі айтылуда. Білікті болгар маманы талантты футболшыларды жасақтап, ел құрамасын Әлем чемпионатына шығарса, өзге арман жоқ!
Таяуда «Астана» клубымен келісімшартын ұзатқан Стоилов, әзірге ұлттық құраманы қосақтап, екі қызметті қатар алып жүре алмасын жеткізген. Оның қазіргі бар ойы, елордалық команданы Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде жақсы жетістікке жеткізу.
Станимир Стоилов, «Астана» ФК бас бапкері:
- Менің футболшыларым – нағыз қаһармандар! Олар қазақ футболының тарихында қалды! Осы жолы ұйымшылдықпен ойнадық. Бұл біз үшін ақырғы айналым емес деп сенемін, тілегім финалға жету.
Үмітсіз шайтан! Тұлпарды алғаш тақымдаған қазақтың бүгінгі ұрпағы, 2022 жылы футболдан Катарда өтетін әлем біріншілігіне жолдама алса таңқалмаңыз! 350-мыңдай ғана халқы бар Исландия аяқдопшылары, әлемді аузына қаратқанда, бізге намысқа қамшы баспасқа шара жоқ!