Әлемде үздік деп танылған тың картиналар қазақстандықтардың көңіліне жақпады! Киносүйер қауым бұл аптада бірнеше марапатты еншілеген «Форма воды» фильміне қарағанда, спорттық драманы көруге ақшасын аямапты.
Көрерменге ұсынылғанына екі апта болса да, ресейлік «Движение вверх» картинасы табыстылар тізімінен түсер емес. КСРО баскетбол командасының тарихи жеңісін тамашалау үшін, отандық киносүйер қауым 98 миллион теңге жұмсаған.
Қомақты қаржы жинағандар қатарында, «Оскар» сыйлығының 13 жүлдесіне үміткер «Форма воды» картинасы да бар. Гильермо дель Тороның фантастикасы, айналымдағы алғашқы аптасында-ақ 77 миллион теңге жинаған.
Қазақстандықтар құмарта тамашалайтын фильмдер арасында, үрейлі лента да жоқ емес. Мәселен, әйгілі «Астралдың» су жаңа төртінші бөлімі, бір апта ішінде 74 миллион теңге еншілеп, табыстылар тізімінде үшінші орынға жайғасты.
Голливуд жұлдызы Гэри Олдменнің «Черчилль» образындағы тамаша ойыны да назардан тыс қалмады. «Темные времена» тарихи туындысы жеті күннің ішінде 64 миллионнан астам теңгеге ие болған.
Үздік бестікті ресейлік «Скиф» фэнтези фильмі қорытындыламақ. Бұл жас режиссер Рустам Мосафирдің таспалаған екінші туындысы. Лента бір аптаның ішінде, қоржынын 57 миллионнан астам теңгеге толтырған.