17 жасар Еркебұлан Сейдахмет «Уфа» сапында өзінің алғашқы голын соқты. Ресейлік клубтың Кипрдегі оқу-жаттығу жиындарында жүрген отандасымызға, жаңа командасы «Лео» деген айдар тағып үлгерген. Талантты футболшымыз жайлы қызықты ақпаратпен Серік Ноянбайұлы таныстырады.
«Уфа» клубы Кипрдегі оқу-жаттығу жиындары кезінде, жергілікті "Алки" футбол ұжымымен жолдастық кездесу өткізіп, қазақстандық жас талант Еркебұлан Сейдахмет негізгі құрамда алғашқы ойынына шықты.
Алаңда 10-шы нөмірлі жейдемен бой көрсеткен "қазақтың Мессиі", матчтағы үшінші голды өз еншісіне жазып, "Уфа" сапындағы бірінші добын соқты. Алғашқы таймнан кейін команда құрамы толықтай алмасып, ресейлік команда қарсыластарын жалпы 7:0 есебімен ұтты.
Бір қызығы, командаластары Еркебұланға «Лео» деп айдар таққан. Бұл оның футболшылық қабілетіне берілген баға болар. 2017 жылы Қазақстан премьер-лигасында «Тараз» сапында доп тепкен Сейдахмет, 15 кездесу өткізіп, бір гол соққан. Енді, ФИФА ережесіне сай ол 23-ақпанда 18 жасқа толған соң, «Уфамен» келісім-шартына қол қояды деп күтілуде.
«Астана» клубы БАӘ-де өткен жолдастық кездесуде, мәскеулік "Спартакты" 3:2 есебімен тізе бүктірді. Елордалық клуб сапынан Станович есеп ашса, Марин Томасов екінші голды соғып, Джордже Деспотович нәтижені 3:0-ге жеткізді. «Спартак» құрамынан Квинси Промоес пен Педро Роша екі жауап добын соқты.
Александр Бородюк ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Бородюктің жетекшілігімен ел құрамасы 7 кездесу өткізіп, 6 матчта жеңілген. 55 жастағы ресейлік маман бұл лауазымға 2017 жылдың ақпан айында келген еді. Жаңа жаттықтырушы жақан күндері белгілі болмақ.