Қазақстан дзюдошылары Тунистегі Гран-При турнирінің, жалпыкомандалық есебінде жеңімпаз атанды. Құрама жігіттері қоржынындағы медальдар санымен, осы спорт түрін ойлап тапқан жапондықтарды да басып озған. Бұл тарихи жетістіктің құпиясы неде?!
Қазақ дзюдосының тарихындағы бұл бірегей жетістік. Тунистегі Гран-При турнирінде 2 алтын 3 қола медаль еншілеген ел құрамасы, жалпыкомандалық есепте көш басында. 73-келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов топ жарды. Ол алғашқы үш кездесуін қиналмай ұтып, финалда азулы косовалық дзюдошы Акил Кгожаковты иппон әдісімен таза жеңді.
90 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ислам Бозбаев та, қазақ елінің абыройын асырып алтын тақты. Ол да бастапқы үш белдесуінде қарсылас шақ келтірмей, ақтық сында венгриялық Тоц Кристианнан мерейі үстем шықты. Сондай-ақ, Қазақстан қоржынына 60-келіде Ғұсман Қырғызбаев, 66-келіде Ерлан Серікжанов, 100-келіде Виктор Демьяненко қола жүлде салды.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстаннан кейін 2 алтын 2 қола медаль еншілеген Украина екінші орынға жайғасты, 1 алтын 2 күміс 6 қоласы бар жапондар үздік үштікті түйіндеп тұр. Бағы мен бабы келіскен спортшыларымыздың бұл жеңісі, бізді жаһандық дзюдоның көшбасшысының біріне айналдырғаны анық!