Азиз Бейшеналиев пен Берік Айтжанов басты рөлдерді сомдаған «Неделимое» картинасының тұсауы кесілді. Бірақ, сәл уақыт бұрын бұл криминалды драмаға, мүлде жарыққа шықпай қалу қаупі төнген еді. Себебі, талай жыл құрылысшы болған режиссердің, тиындап жиып фильмге салған қаржысын өрт жалмап кете жаздаған.
Фильм Қапшағай тас жолы бойындағы дәмханалардың бірінде таспаланды. Шілдеде сол нысанға жақын жазық даланы, аяқ асты тілсіз жау жалмайды. Тіпті, түсірілім алаңын да от шарпып кету қаупі төнгенді.
Азиз Бейшеналиев, актер:
– Егер ол ғимаратты өрт шалса, бұған дейінгі еңбектің барлығы құрдымға кетер еді. Себебі, оны қайта түсіру үшін қыруар қаржы керек. Бірақ, абырой болғанда жалын дер кезінде ауыздықталды.
Фильм режиссері Олжас Ахметов талай жыл құрылыста еңбектеніп, дебюттік картинасына өзі қаржы жинапты. 92 мың доллар бюджеттің жетпегенін дос-жараннан қарызға да алған. Енді, сол шығынның прокаттан табыс болып қайтарына актерлық құрам жәрдемдеседі деген үміті бар.
Олжас Ахметов, режиссер:
– Азиз бен Берік Айтжанов фильмге түсуге келісім берген соң, мен тек танымал актерларды ғана шақырамын деп шештім. Жолым болды. Мен ұсыныс тастаған әртістердің келіспегені болған жоқ.
Айтпақшы, киноның сюжеті осы қу қаржыға құрылған! «Алтын көрсе періштенің жолдан таярын» оқиға желісі тағы бір дәлелдегендей.
Нұржан Садыбеков, актер:
– Егер мен миллионды тауып алсам не істер едім, деген сұрақ көп адамда бар. Егер, шынымен де дәл осылай болып тұрса, қалай болады? Шыдай ала ма? Туысқанын сата ма, сатпай ма?
Сыншылар, журналистер мен киногерлердің таразысына салынған туындының алғашқы көрермендері берген баға – оң!
Нұртас Адамбай, режиссер:
– Фильмнің жанры ауыр! Бастан аяқ бір локацияны көрсетіп, көрерменді ұстап тұру оңай емес. Бірақ, дебютант режиссер болса да ол мақсатты орындай алған.
Басты рөлді сомдаушылар - Берік Айтжанов пен Асан Мәжиттің тұсаукесерде төбе көрсетпеуі жұртты мазалағаны рас. Сөйтсек, Берік – Мәскеуде түсірілімде жүрсе, Асан – жаңа спектакльдің тұсаукесерінен босай алмаған.