«Бетіне мартини шашып жіберетін едім!» Дженнифер Лоуренс Дональд Трамппен кездесе қалсам, Ақ үй басшысын оңдырмаспын деп алақан ысқылап отыр! Президентке неге сонша шүйлікті? «Women in Entertainmen» таңғы асына келген актриса өзі түсіндірсін.
«The Hollywood Reporter» журналы ұйымдастырған таңғы астың қызыл кілем салтанатына жұлдыздардың тыңғылықты әзірленгені байқалады. Әсіресе, әлемдегі әйел атаулының құқығын қорғаймын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Анджелина Джоли отты сөздерімен ой тастауға тырысты.
Анджелина Джоли, актриса:
-Нәзік жандылар өз ойын еркін білдере алмайтын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ерлердің беделі бізден әлдеқайда жоғары. Бұл әділетсіздік жойылмай, дами қоймасымыз анық.
«Оскарлы» актриса Дженнифер Лоуренс те біраз азаматқа тіс қайрап жүргенге ұқсайды. Әсіресе, Дональд Трампқа өкпесі қара қазандай. «Кезіксем, бетіне мартини шашып жіберер едім» - деп кіжінгенімен, Ақ үй басшысы неге ашуына тиетінін айтпады. Есесіне, Харви Вайнштейнді біраз сыбап алды. Режиссер Лоуренске Голливуд есігін ашқан алғашқы жан.
Дженнифер Лоуренс, актриса:
-Харви әкем іспетті еді. Оның маған қырын қарап, бейәдеп қылық танытқан емес. Бірақ, жұрттың айыптауларын тыңдап оны қатты жеккөріп кеттім.
Жігіттерге жабылған сылқымдарға Джастин Тимбрлейк басу айтты.
Джастин Тимберлейк, әнші:
-Анджелина кіл қыздардың арасында маған оңай соқпасын ескертіп еді. Айтпағым, мені – мықты әйел тәрбиеледі. Жарым да жігерлі адам. Сондықтан, нәзік жандылар жұмыла жұдырық болса, талай тірлікті тындыра аларына сенімдімін.
Кеш соңында, «The Hollywood Reporter» белсенді бикештерді марапаттап, мүсіншелер табыс етті.