Әзірге, «Victoria's Secret»-тің Шанхайда өткен шоуына ойыссақ. Көпшілік қызу талқылап жатқан кештің қызығынан шыжығы көп. Кетти Перри мен Джиджи Хадид шоуға сол күйі жете алмады. Ал, «періштелер» сүрініп, тайып жығылып жатты. Белла Хадид болса, подиумда ішкиімсіз қалды.
Жарқырап подиумға шығып, өзге сәнбикелермен қосыла билеген Белла Хадидтің іш киімі ыңғайсыз болғанды. Төстарқышы сырғып төменге түсіп кетіп, «бар байлығы» елдің назарына ілікті. Дегенмен, сылқым бұған жасқанған жоқ. Езуін жимастан сән сахнасынан шығып кетті.
Белла бикеш сіңілісімен бірге өнер көрсетуі тиіс еді. Бірақ, аспан асты еліне
кіруге рұқсат құжатын ала алмаған Джиджи Хадид шоудан шет қалды. Кетти Перидің де келе алмауының себебі сол.
Шоудан шыққан шикіліктер мұнымен тәмамдалмайды. Қытайлық сәнбике Мин Си дәл подиумның ортасында омақаса құлап түсті.
Дәл осы Шанхайдағы шоумен, Алессандра Амбросио өзінің фешн мансабын тәмамдады. Сылқым 17 жылдан бері «Victoria's Secret» періштесі атағын лайықты арқалап келгенді. Дегенмен, 36 жасында актрисалыққа түбегейлі бет-бұруды жөн санапты.
«Victoria's Secret» тарихында бұл ең көп талқыға түскен шоу болды. Көрсетілімнің толық нұсқасы 28-ші қараша күні желілер арқылы тарайтын болады.