Сергей Шабунин Миланда сатылымға шығатын жаңа топтамасын Алматылық сәнқойларға таныстырды! Мұндағы бір белдемше құны – жарты миллион теңге тұрады! Дизайнер бұған қоса Сиви Махмудидің туған күніне бірнеше көйлек тігіп жатыр! Сонда, әнші қалтасынан қаншаға қағылды?
Соңғы жарты жыл жұмыстан бас көтермеген Сергей Шабуниннің, бейнелеу өнерінен шабыттанғаны анық. Сәнгер ғибадатханадағы кескіндер мен ерекше суреттерді топтамасына көшіріп басқан.
Дизайнер толыққанды коллекцияны Миландағы шоу-румдардың бірінде сатылымға шығармақ. Италиялық сылқымдар еншісіне тиетін луктардың бағасы да шарықтап тұр.
Сергей Шабунин, сәнгер:
– Мәселен, Жамилә Серкебаева киіп жүрген белдемшенің құны – 484 мың теңге тұрады. Себебі, мұнда француздық мата, бағалы тастар қолданылған. Сосын, ол – қолөнер.
Мұндай дүниелерге қол жеткізу үшін біздің сәнқойлар да аянып қалмаса керек.
Евгения Тян, сәнқой:
– Қымбат жаккард, бағалы аң терісі, көздің майызын тамызған кестелердің арзан тұруы мүмкін емес. Бірақ, сол бағасына лайықты топтама. Пәлтелерді ұнаттым. Гардеробыма қосамын.
Шабунин енді Сиви Махмудидің де барлық талап-тілеген ескеріп, жеке тапсырыспен көйлік тігіп жатыр.
Сиви Махмуди, әнші:
– 15-ші қараша күні туған күнім болады. Бір емес, 2-3 образ тігіп жатыр арнайы. Көптеген өзімнің достарым, осы кісіні ұсынды маған. Мысалы, Алишер Каримов сияқты, Нағима Есқалиева апайларымыз ылғи да осы кісіге тіктіреді.
Қымбат дизайнерге тапсырыс берген Сиви сылқым, қалтадан біраз қағылды дерсіз! Расында, әншіге Сергей айтарлықтай жеңілдік жасаған. Себебі, Махмуди Алматыдағы дәл осы көрсетілімнің шығынын көтеріп, демеушілік танытқан.