Әр концертінің алдында «Менен шоу күтпеңіздер», - деп бірден кесіп айтатын Роза Рымбаеваның ұстанымы, енді Мейрамбек Бесбаевқа жұғысты болған көрінеді. Ән әлеміндегі 30 жылдық кешіне қызу әзірленіп жатқан «Музарттық» әнші, мерейтойында шоу-бағдарламадан бас тартыпты.
Мейрамбек Бесбаев, әнші:
-Жалпы біздің «Музарттың» менің тыңдармандарымның бәрі аспаннан түсіп, оттың арасынан шығып, анау-мынау жаңағы шоу жасап алдамайтынымызды біледі. Біз тек ән саламыз шыны керек!
Мейрамбектің айтуынша, мерейтойлық кештің басты ерекшелігі тың тректер мен жаңа дуэттер. Әдетте, әріптестерімен бірігіп ән жазуда аса талғампаз өнер иесі, бұл жолы ұсыныс білдірген інілерін өзектен теппеген. Мәселен, Ұшқын Жамалбек өз сазгерлігінен туған өлеңін кеш иесімен қосыла шырқамақ!
Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:
-Зерттеп жаздым! Сол кісінің дауысына, сол кісінің музыкалық бағытына келетіндей қалып жаздым, барынша қолымнан келетіндей қылып. Сөйтіп ұсындым, аға бірден жақсы ән екен деп жауап берді. Қуанып қалдым.
Мейрамбек Бесбаев, әнші:
-Кейінгі жазылған сол Мәдинамен дуэт, Қайрат Нұртас бауырымызбен жазылған әндерді біз көп жерде орындаған жоқпыз. Соның сәті осы жолы бәрімізге бірігіп түсіп тұр екен.
Бұл жолы Сәдуақасоваға да ностальгияға бөленіп жүр. Мейрамбек пен Мәдинаның жүзбе-жүз таныстығы 2000-шы жылдан бастау алған екен. Ол 9 жасында, бала Беспаевты ең алғаш журналдың мұқабасынан көргенін айтады.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
-Сол кезде ішін оқысам, жас бала «Бозторғайды» шырқап, бүкіл халықты өзіне қаратып, жылатып деген әдемі мақала шыққан екен. Сол есімде қалды. Сосын телевизордан көрдім. Содан кейін кассеталардан «Бозторғайды», Тоқтар екеуінің әндерін естіп, тыңдап өстік.
Мейрамбек Бесбаев мерейтойлық ән кешін, қараша айының 8-і күні Алатау баурайындағы зәулім сарайда атап өтетін болады.