Алматы музейіне бас сұққан Әли Оқапов, жанкүйерлерінің алдында жайсыз жағдайға тап болған. Алатаудың баурайында туып-өскен әнші жігіт, оңтүстік астананың тарихын білмей тығырыққа тірелген көрінеді!
Тыңдармандарымен Алматы мұражайында қауышқан сәт, Әли үшін нағыз сынаққа толы болды. Әдетте, сахнада ғана ән салатын Оқаповқа, бұл жолы музей меймандарын қаланың тарихымен таныстыру жұмысы жүктелген.
Әли Оқапов, әнші:
-Көптеген нәрселерді білмейді екенмін шынымен. Маған сұрақ қойғанда бірде-бір рет жауап бере алмадым деп айтуға болады. Енді тарих сондай нәрсе. Бірін білсең, бірін білмейсің. Жасыратын ештеңесі жоқ, мен бүгін гид ретінде емес, көрермен ретінде болдым. «Жұлдызды гид» бола алмадым.
Келеңсіз жағдайға тап болған танымалдар тек Әлимен шектелмейді. Айтпақшы актер Аян Өтепбергеннің де, бұл мекемеде алғаш рет бой көрсетуі екен.
Аян Өтепберген, актер:
-Шынымды айтайын мына музейге бірінші рет келіп тұрмын. Жиі барамын деп алдамай-ақ қояйын.
Алматы мұражайындағы «Жұлдызды гид» айдарының эстафетасын қолына алған «Алашұлы» тобы да қобалжып жүр. Өйткені, ұлттық нақышта ән салатын жігіттер, ұлт тарихын таныстыруда тосылып қалмасақ екен дейді.
«Алашұлы» тобы:
-Жетеріне жеткізіп айта алмасақ та, өзіміздің бар білетінімізді қазіргі келетін көрермендерімізге таныстырамыз. Яғни, музыкалық бөлім, Енді қазір көреміз қалай болатынын.