Қазақстандық спорт жанкүйерлері тағы бір сенсациялы жеңістен үмітті! Оның авторы WBA (Super) чемпионы Жанат Жақиянов атануы ықтимал. Жерлесіміз Райан Барнетті ұтса IBF белбеуін де иеленеді. Бүгінгі биігіне өз-өзін жеткізген боксшымыз жайлы Серік Ноянбайұлы айтады.
21-қазанда Солтүстік Ирландияда болатын бұл титулды айқастың жеңімпазы, WBA және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанбақ. 33-жасар WBA чемпионы Жақиянов өз мансабындағы 27 кездесуінің 18-ін нокаутпен ұтқан, бір ғана жеңілісі бар. Қарсыласы IBF белбеуінің иегері Райан Барнетт 17 жекпе-жегінің бәрін жеңіп, 9-ын уақытынан бұрын аяқтаған.
НВО арнасының тікелей эфиріне шығатын бұл бокс жекпе-жегі Жақиянов үшін аса маңызды. Ол қазақстандық сарапшылардың дауыс беруімен, ай сайын жаңарып отыратын отандық боксшылар рейтингінде көш бастады. Екінші Головкин, үшінші Қанат Ислам. Ол Геннадийден кейін негізгі әлемдік тұжырымның чемпиондық белбеуі бар елдегі екінші спортшы
Жақиянов жыл басында америкалық Роуши Уорренді, аса тартысты жекпе-жекте, төрешілер шешімімен сенсациялы түрде ұтқан еді. Нәтижесінде,
WBA (Super) чемпиондық белбеуін қанжығалады. Жаһандық бокстың жеңіл салмақтағы бұл биігін еш жарнамасыз, қолдаусыз-ақ бағындырған Жанаттан, жанкүйерлері тағы бір жарқын жеңіс күтеді!