Кезінде «Кешьюден» кеткенде тұрмысқа шығатынын хабарлаған Айдана, тойына БАҚ өкілдерін шақырмаған еді. Иә, жеке өмірін құпия ұстағысы келген болар... Бірақ, бүгінде Меденова мүлдем өзгергенін айтады. Бұдан былай, журналистердің кез-келген сауалына ашық жауап беруге бекініпті.
Әдетте, журналистерге әншілік мансабындағы жағымды жаңалықтарын жеткізіп үйренген Айдана, «қауесетке қаным қас», -деп отыр. Өйткені, өнер иесінің жеке өмірі жайлы жалған ақпарат таратушылар саны күн санап көбеюде.
Айдана Меденова, әнші:
-Жаңа ғана тұрмыс құрғанда, өзімнің жеке өмірім туралы айтқым келген жоқ. Қазір енді барлығын айта аламын ашып. Көбісі неше түрлі жалған ақпарат айтқаннан кейін, әрине айтқым келеді шындықты.
Өнер иесі «ту сыртынан оқ атқандардың» «аузына құм құйсам» деп енді бар ақиқатты айтуға бекінген. Иә, әншінің өмірлік жолдасы Әлішер Нұржанов бұрын үйленген, алғашқы некесінен алтын асықтай қос ұлы бар. Бүгінде ортақ бір әкенің балалары, жиі жүздесіп тұратын көрінеді. Ал, Айдана «бауырлардың қарым-қатынасына кедергі келтіруге хақым жоқ», - дейді.
Айдана Меденова , әнші:
-Олар мектепте оқығаннан кейін бір ғана демалысы бар. Олар күні бойы мектепте. Сондықтан, бір жұмада бір рет кездесуге тырысамыз.
«Шешінген судан тайынбас!» Жеке өмірі жайлы бар сырын ақтаруға бекінген әнші, бұл сұхбатында да талай тың ақпараттың бетін ашты. Айдана, жолдасы Әлішердің бұрынғы жұбайының бүгінгі жай-күйінен жақсы хабардар екен.
Айдана Меденова, әнші:
-Өзінің отбасы бар. Жақында өзі балалы болады. Танимын енді. Әлішер балаларын тастап кетпейді ғой. Оның ешқашанда ондай ойы болмаған. Мүмкін, сол қасиеті маған ұнаған шығар. Өз балаларына ол қамқор.