Қайраттың құпиясы ашылды! Иә, Нұртастың ұлы осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2007-ші жылы отағасы атанып, Айдарбековтер әулетіне келін түсірген. Алайда, осы уақытқа дейін бұл жайында жан баласына жақ ашпаған әнші жігіт, күні кеше жұбайы Жұлдызды дүйім жұртқа таныстырды.
Иә, бұл сәтті қалың қазақ та, Қайрат пен Жұлдыз да ұзақ күтті. 10 жыл бойы жеке өмірін сыр қылып сақтаған әншінің жұбайы, ұзақ уақыттан кейін актриса ретінде дүйім жұртпен қауышты. Енді, көпшілік көкейіндегі сансыз сауалдарға бұл «жұмбақ жанның» жауабы дайын...
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Қайратқа күйеуге шыққанда мен бірге ән айтамын сахнаға деп шыққан жоқпын. Ең бастысы осы отбасына келін болып, осы отбасында балалы-шағалы болып, ұрпақ әкелсем деп тидім. Мен мұнда Қайраттың артынан жүремін деп тигенім жоқ.
Жұбайының ұтымды жауабына жұртпен қатар Қайрат та дән риза! Бүгінде хитменге қос қыз бен екі атұстарды сыйлаған Жұлдызға, отағасы алғысының шексіз екенін жеткізді.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Жұлдыз әлі сондай. Әлі сондай қарапайым, әлі сондай әдемі, әлі сондай тәтті. Рахмет саған, жаным-ааау! Осы күнді қанша күттің. Бізге де оңай болған жоқ ағайындар!
Қайрат пен Жұлдыз түскен жаңа картина «Арман» деп аталады. Бұл фильмде жүгенсіз жастардың жөнсіздігінен, қыз ғұмырына балта шабылған бұрымдылардың өмірі бейнеленеді.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Барлығы да Қайраттың өміріне байланысты деп ойлады. Бірақ, мен ойлап отырсам, Қайраттың өмірінен алатын болсам, онда фильм қызықсыз болатын еді. Ал, менің ойлағаным, басты жоспарым, қоғамға қандай да бір пайдасын келтірсе, болашақ аналарымызды мәпелесек деген оймен, осы Жұлдыз арқылы сол тәрбиені бергім келді.
Ал, тың туындыны тамашалауға келген алғашқы көрерменнің әсері қандай?!
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
-Гламурный кино күттік. Отбасы жайында, «Періште» дегеннен кейін... Ал, біз мүлдем басқа бір дүниеге кіріп кеттік. Расында да мен өте ризамын. Өте ризамын! Үлкен мәселелер қозғадыңдар! Көп-көп рахмет!
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі:
-Жұлдыздың осыншалықты актриса бола алатындығына тамсанып, кәдімгілдей таңқалып отырмын. Қайрат та өзінің рөлін алып шықты деп айтсақ болады!