Әнші «Адам» той әндері арқылы қалтасын қалыңдатқандарға қапалы!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әнші «Адам» жұбайын жұрттан жасырып, жеңіл әндермен танылған әріптестерін түсіне алмай жүр. Тіпті, тойға арналған әуендерді ол сапалы музыка тізімінен әлдеқашан сызып тастағанын айтады...

Бұл жолы «Ревюньюстің» түсірілім тобы әнші «Адам» мен жұбайы Дананы Алматы мұражайынан кезіктірді. Осыдан бір жыл бұрын ақ құсын қолына қондырған Дәуреннің бүгінде Қорлан есімді қызы бар. Жас әке, қолы қалт етсе бар уақытын отбасына арнауды әдетке айналдырған. Алайда, өнерді өмірім деп ұққан жігітті толғандырған тақырып көп! Солардың бірі той әндері...  

Adam,  әнші:

-Мен көбінесе концертке шығатын әртіспін. Тойға қатты шықпаймын, тіпті мені шақырмайды да шынымды айтсам. Екіншіден тойға шығатын әншілер билейтін, қарапайым әндерді айтады. Менің әндерім кішкене күрделілеу болады.

Иә, той әндері жеңіл және ырғақты келеді! Сәтті шықса тіпті табысқа кенелтіп, қалтаңызды да қалыңдатады. Алайда, «Адам» өзім үшін ақшадан гөрі ар қымбат деп санайды! 

Adam, әнші:

-Тойдың әндері мен музыка параллельно жатыр. Тойдың әндерін мен музыка деп айта алмаймын. Мен музыканы қадірлеймін. Музыка менің өмірдегі жолым. Мүмкін грузчик болармын, бірақ тойдың әнін айта алмаймын, жаза алмаймын.

Алғашында халықаралық ән додалары арқылы дүйім жұртқа танылған «Адам», Қазақстанда музыка өнерінің лайықты бағасы жоқ деп санайды. «Новая волна», «Славян базары» байқауларында ел намысын қорғаған әнші, бүгінде өз елінің емес, керісінше шетелдік тыңдармандарын қалыптастырып үлгерген. 

Adam, әнші:

-Бізде қазір кәсіби музыканы қабылдамайды. Мүмкін болашақта қабылдайды деп ойлаймын. Сондықтан да мен қазір басқа елдерде жақсы әнші деп саналамын. Германияға, Әзірбайжанға барып келдім жақында. Ресейге бардым. Ол жерлерде жақсы қабылдайды.