Әзірге, Батырхан Шүкенов атындағы қордың не себепті түбегейлі жабылатыны жайлы білейік. Бұл ұйым әншінің шығармашылығын жалғап, жарыққа шықпай қалған үнтаспаларын, бейнебаяндары мен эксклюзивті суреттерін назарға ұсынған еді.
Арда орындаушының есімі өшпеуі үшін фильм де таспалап, талай тірліктің жоспары құрылғанды. Бірақ, музыканттың досы әрі директоры - Олжас Байқанов қорды жауып тастауға мәжбүр. Себебі, қаржы құйып, демеушілік білдіретін жандар жоқтың қасы.
Олжас Байқанов, Б. Шүкенов атындағы қордың директоры:
- Бизнесмендердің есігін қағып, ақша сұраудан жалықтым. Көмектесетіндер бар, бірақ некен – саяқ. Олар берген қаражат ешнәрсеге жетпейді. Сондықтан, қорды жабуға тура келді. Дегенмен, уақыт өте келе демеушілер табылып жатса, Батыр жайлы естеліктерді қайта жарыққа шығаруымыз мүмкін. Бірақ, қордың атынан емес, өзім жеке азамат ретінде бұл бастамаларға қолдау білдіремін.
Батырдың әндерінің авторлық құқығы толықтай туысқандарына тиесілі! Сондықтан, ол жақтан түсетін қаржы сәйкесінше отбасына беріліп отырады.