Он алты аспапты жетік меңгерген музыкант, мульти-аспапшы атанудың құпиясымен бөлісті

Сообщить о проблеме с эфиром

Есімде, кезінде атам жетектеп мені домбыра үйірмесіне апарған еді. Бала кезде 1-2 күй меңгерген cоң, кейін жалқаулығым ұстап қос ішекке саусағымды тіпті тигізбей кеттім. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз бір емес 16 аспапты жетік меңгерген мульти-аспапшы... Таңқалмасқа шара жоқ!

Серік Нұрмолдаев домбыраны екі жасында қолына алып, кейін музыкалық мектеп қабырғасында фортепиано және сыбызғыны үйреніпті. Ал, бүгінде бұл тізім 16-ға жетіп жығылған. Әмбебап өнерпаз өзі меңгерген әр аспапты кез-келген уақытта саусақпен санап беруге дайын.   

Серік Нұрмолдаев, музыкант:

-Домбыра бар, шіңкілдек бар, шертер деген аспап бар, үш ішекті домбыра...

Сонымен қатар, бұл тізім сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, және сыбызғы сынды тағы басқа бірнеше аспаптармен толығады.

-Әзірге 16 аспап! Болашақта тағы қандай аспаптарды үйрену жоспарда бар?

Серік Нұрмолдаев, музыкант:

-Ол енді тоқтаусыз жүретін дүние. Қалай аспап қолымызға түседі, солай бірден меңгеруге  тырысамыз...

Әрдайым ізденісте жүретін өнерлі жігіт, бүгінде ұстаздық қызмет те атқарып, шәкірттер тәрбиелеуде. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын насихаттауда аянбай тер төккен Серіктің талантты жастарға берер кеңесі бар.  

Серік Нұрмолдаев, музыкант:

-Ешқашанда қызығушылықты жоғалтпау керек аспапқа деген. Домбыраның өзін мен қазіргі таңда 28 жыл оқып келе жатырмын. Сыбызғы аспабын 15 жылдан асты. Әлі де оқып келе жатырмын. Демек бұл тоқтаусыз процес.