Қос бірдей алтын! Бұл Ашхабадта өтіп жатқан V Азия ойындарында атақты Ольга Рыпакованың еншілеген жүлдесі. Жеңісі үшін спортшымыз алар ақшалай сыйақы да өте қомақты. Әр әлемдік додадан жүлдесіз қатпайтын жұлдызды жеңіл атлетіміз «Ревюнюске» эксклюзивті сұхбат берді.
Ольга Рыпакова Ашхабадта болып жатқан жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Жеңіл атлет ұзындыққа және үш қарғып секіруде қарсылас шақ келтірмейді. Пекин, Лондон және Рио олимпиадаларының әр жүлдесі спортшыны ауқаттылар қатарына қосқан еді. Бұл жолғы қос алтынына төленер сыйақы да мол болмақ.
Ольга Рыпакова, V Азия ойындарының чемпионы :
-Бұл Азия ойындарындағы менің төртінші немесе бесінші алтыным. Ұзындыққа секіруде маған бәсекелестік әр сайыста аса жоғары. Себебі, менің басымдығым ол үш қарғып секіру. Бұл жеңісіме қанша ақшалай сыйақы аларымды әлі білмеймін. Дегенмен, мен үшін қаражат емес, елімізге тарту еткен алтыным маңызды.
Ақша емес, ел абыройы деп бәсекеге шыққан ұлттық құрама атлеттері 6 алтын, 6 күміс, 12 қола еншілеп, 26 елдің ішінде үшінші келеді. Түркіменстанға іссапармен барған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев спортшылармен арнайы жүздесіп, сәттілік тілеген. «Бізге бұдан артық сый жоқ» дейді Рыпкова.
Ольга Рыпакова, V Азия ойындарының чемпионы:
-Елбасының өзі спортшылармен жүздесіп, сәттілік тіледі. Әрине, қуаныштымын! Жалпы, Ашхабадтағы Азия ойындарының ұйымдастырылуы олимпиададан кем емес. Жеңіл атлетика менің өмірімнің мәні, сондықтан әлі талай халықаралық додаларға қатыссам деген жоспарым бар.
Рухты әрі арманшыл спортшы – мемлекеттің құты. Үш олимпиада, бес түрлі әлем чемпионаты, төрт Азия ойындарында олжа салған Ольга ел тарихындағы ең үздік жеңіл атлет екені даусыз. Бүгінде Рыпакованың жанкүйерлері әлемнің әр түкпірінде бар.