«Жаужүрек мың бала» картинасы арқылы мыңдаған сұлудың жүрегін жаулған Асылхан Төлепов, енді дубляж саласында мүмкіндігін байқап көрмек. Кезінде ең жас мәслихат депутаты атанған ол, дыбыстаудың майталман маманы ретінде танылуға да қарсы емес..
Көрерменнің сүйіктісі, актер Асылхан Төлепов бұл күндері дубляж студиясында тынбай еңбектенуде. Өнер иесі Әбіш Кекілбаев шығармасының желісі бойынша таспаланған картинаны дыбыстауға кірісіп кеткен.
Асылхан Төлепов, актер:
-Бұл енді «Шыңырау» деген жақында ғана түсірілімін аяқтадық. Алматыда және Форт-Шевченко, Ақтауда жүрді түсірілімі. Сол түсірілім алаңына кейді кедергілер болады. Кедергі болғанда осындай дубляж жасайды.
Өзгеге қарағанда, өзінің дауысын дыбыстау әлдеқайда жеңіл екенін алға тартқан актер – дубляжды үлкен өнерге балайды.
Асылхан Төлепов, актер:
-Өзіңнің даусыңды өзің жазу оңайға соғады. Бірақ басқа актердің даусын жазу өте қиын негізі. Бұл да бір үлкен жұмыс. Бұл да бір үлкен қиындықты тудыратын нәрсе.
Соңғы кездері шет елдік туындылардың көбісі қазақшаға аударылып жатқаны рас. Тіпті, Диснейлік «Моана» мультфильмінің кейіпкерлеріне әнші Мақпал Исабекова мен Беркут өз дауыстарын сыйлаған болатын.
Ал, әншілерге қарағанда өзінің арнайы маман екенін алға тартқан Асылхан, болашақта дубляж саласына бет бұруға қарсы еместігін айтады.
Асылхан Төлепов, актер:
-Ия жасар едім, егер ұсыныс түссе. Негізі өзімнің мамандығым актер және сөз сөйлеу жанрының әртісі. Яғни, жүргізушілік, дикторлық және осындай дубляж жасау. Сол сала бойынша мамандықта оқыған болатынмын.