Джон Малкович «Еуразия» кинофестивалінің арнайы жүлдесімен марапатталды.
Астана көшелерінде еркін серуендеген Джон Малковичті жанкүйерлері жаншып кете жаздады. Өзі қоныстанған қонақүйдің қасындағы дәріханаға бас сұғып, қайта шыққанда жүздеген жан голливудтық актерді қоршап алған. Абырой болғанда қасынан оққағарлары табылып, арашалап үлгеріпті.
Актер кейін, дер кезінде әрекет еткен күзетшілерге алғысын жаудырып, ХІІІ-ші Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанатына аттанды. Мұнда «Оскар» үміткері, «Әлемдік кинематографияның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығымен марапаталды.
Кинобәйгеге ел атынан қатысқан жалғыз картина Сәбит Құрманбековтың «Оралманы» еді. Атамекенге қайтқан қандастардың ауыр тағдыры суреттелетін кинотуынды «Үздік фильм» атанды.
-13-ші Халықаралық Еуразия фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған «Оралман» фильмі! Қазақстан! Мың да бір рахмет!
«Үздік режиссер» мүсіншесі мен екі миллион теңге көлеміндегі сыйақы, Қырғызстандық Ақтан Арым Кубатқа «Кентавр» туындысы үшін бұйырды.
Он үш картина өзара сынға түскен бәйгеде Әзірбайжандық «Анар бағы» фильмінің жұлдызы биікте жанғаны анық. Бас кейіпкері – Гурбан Исмаилов «Үздік актер» атанса, киноның өзі қазылардың арнайы сыйлығымен марапатталды.
Бір миллион теңге мен «Үздік актриса» атағын Грузиялық Ия Шуглашвили қанжығасына байлады. Фестиваль аясында «Тұлпар» жүлдесіне үмітті соңғы бір жылда отандық прокатта болған картиналар да көрсетілді! Тек бұл тізімнің үздіктері, қыркүйекте «Шәкен шоқжұлдыздары» жеңімпаздарымен бірге марапатталмақ.