Ресей жұлыздары үшін де өткен апта соңы айтулы болды. Баку қаласында «Жара» фестивалі өз мәресіне жетті. Музыкалық шара аясында, Әзірбайжан еліне ағылған жұлдыздардың көші, ән мерекесін күткен жұрттың көңілін тапты.
Бұл жолы Апшерон аралының жағажайына ресей шоу-бизнес өкілдерінің төрт көзі түгел жиылған. Бірнеше күнге созылған музыкалық фестиваль барысында, жетпістен астам әнші өз өнерін ортаға салды.
Ани Лорак, әнші: -Көңіл күйіміз керемет! Музыка мерекесі. Ауа райы да, атмосфера да тамаша. Фестивальдің 4 күнге созылғаны қандай жақсы!
Ауқымды шара әдеттегідей қызыл кілемнен басталды. Әнші Валерия өзінің мінсіз мүсінін мүлде жасырмауға тырысқан. Өнерпаздың көгілдір түсті ерекше көйлегі жұрт назарына бірден ілініп, қызығушылардың талқысына да түсті...
Пугачеваның өзгелердің киімінде еш шаруасы жоқ. Примодонна тіпті қызыл кілеммен жүріп өтпеді де. Соған қарағанда, өнер иесі «Жара» фестивалінің аясында өткен шығармашылық кешіне қатты дайындалған сыңайлы...
Шарада жүргізушілік тізгінді қолына алған Максим Галкин кешті өткізіп те, сүйіктісімен ән шырқап та үлгерді... Ал, бос уақытта жұбайынсыз іші пысқан Алла Пугачева Лайма Вайкулемен күлкілі видео да түсірді. Өнер өкілдерінің әлеуметтік желідегі суреттеріне қарап, фестивальдің расымен көңілді өткенін байқауға болады. Дәстүрге айналған музыка мерекесі келесі жылы да қайта жалауын тікпек!
ГлюкOZA, әнші:
-Ерекше атмосфера. Ән салып, қыдырып, демалуға қолайлы әрі керемет кез. Әзірбайжан еліне рахмет! Бұл күндерді ешқашан ұмытпаспын!