Көп сериялы картинаның түсіріліміне белсене кіріскен Ерболаттың уақыты тапшы. Тіпті, «Ордадағы» жұмысын бір шетке ысырып қойған! Аталмыш ұжымның өзге мүшелері де, бүгінде жеке кәсіптерін дөңгелетудің қамында жүр. Сонда «Орда» тобы тарқайды ма?
«Орданың» соңғы клипі 3 жыл бұрын «Жауап бер» әніне таспаланса, кейінгі «Жанып сөну» атты тректен соң топ репертуары үзіліске ұшырады. Иә, бүгінде бойзбенд мүшелерінің басын қосу мүмкін болмай тұр. Мәселен, ағайынды Беделхандар продюсерлікке бет бұрса, Нұрлан Алымбетов көп уақытын Бішкекте өткізеді. Ал, қазір жеке әншілік мансабын алға шығарған Дастан Оразбеков «Орданың» жұмысы тоқтап тұрғанын жеткізді.
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі: -Орда тобы өзінің жұмысын қарқынды жасаудан кішкене тоқтадық. Өйткені, өзінің әр қайсы тіршілігімен айналысқаннан кейін, кішкене баяулап қалдық. Бірақ, жоспарда бар. Жазылып қойған ән. Өзіміз студияға жете алмай жүрміз.
Бүгінде Дастан да Алматыда емес! Ол Алатау баурайынан Сарыарқаға төсіне қоныс аударғанын айтады. Жуырда ғана астаналық жұлдызды тұрғындардың тізімін толықтырған өнер иесі, енді шығармашылық шабытын елордадан іздемек!
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі: -Кей кезде болады өнер адамында қысылып қалатын сияқтысың бір қалада жүріп. Демің тарылып немесе бір муза келмей қалады. Сондықтан, қоныс аудару керек болды маған. Жаңа леп, жаңа ауа керек. Сондықтан да, Астанаға жол тарттым.
Астанада қарқында жұмысқа кіріскен өнер иесі, жанына музыканттарды жиып, жаңа лайф-бэндті жасақтаған. Оразбеков басқаратын ұжымның репертуарына 50-ге жуық трек тоғыстырылған. Оның ішінде Дастанның жеке шығармашылығындағы әндері мен «Орда» тобының хиттері де бар.
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі: -Мені көргеннен кейін міндетті түрде Орданың әнін сұрайды. Сондықтан да сұрамай тұрып айтып тастау керек.