Роналдудай жарқ етер қазақстандық футболшыны көру әзірге арман ғой! Дегенмен, Еуропалық деңгейде доп теуіп жүрген аяқдопшылар ел чемпионатында жоқ емес. Сонда да, «Қайрат» командасының кей ойыншылары алматылық ұжыммен қоштасуы ықтимал. Олар кімдер..?!
«Қайрат» футбол ұжымының бақылау кеңесінің жетекшісі Қайрат Боранбаев клуб жүйесін жаңғыртып, команданы «қалтаның қамын» күйттеген «жалған футболшылардан» тазартуға сөз берген еді. Бұған басты себеп, Еуропа лигасы аясында алматылық аяқдопшылардың албаниялық "Скендербеуден" жеңілуі.
Бауыржан Исламхан, «Қайрат» ФК ойыншысы: – Құрметті жанкүйерлер! Кешегі ойын үшін біз сіздерден кешірім сұраймыз. Алдағы ойындарды сіздердің қолдауларыңыз қажет.
Жеррар Гоу, «Қайрат» ФК ойыншысы: - Жанкүйерлер жеңістің әркез бір командада бола бермейтінін жақсы ұғады деп ойлаймын. Қайрат футболшылар әркез алаңда барын салады. Бізге түсіністікпен қарайсыздар деп сенемін.
«Қайраттың» беткеұстарлары дегенде жанкүйерлер Бауыржан Исламхан, Жеррар Гоу, Исламбек Қуат, Исаэль Барбоза мен Андрей Аршавинді елестетеді. Өзге ойыншылары да осы бюджетті клубтан тәуір жалақы алатын кіл мықтылар. Дегенмен, «Қайрат» ел чемпионатының үздігі «Астанадан» 7 ұпайға қалып келеді.
Исламбек Қуат, «Қайрат» ФК ойыншысы: – Біз өзіміздің соңғы нәтижелерімізге өкінішпен қараймыз. Ойыншыларды да ақтағым келмейді. Ең бастысы сіздердің қолдауларыңызға сенеміз!
Исаэль Барбоза, «Қайрат» ФК ойыншысы: – Команда мұндай қиын кезеңдерде ауызбіршілік танытуы керек. Маусым әлі біткен жоқ. Біз чемпионатты ұту үшін барымызды саламыз!
Серік Ноянбайұлы : - Соңғы рет тек 2004 жылы Қазақстан чемпионы атанған «Қайраттың» жаңа бапкері - испаниялық маман Карлос Феррер. Осы маусымнан кейін оның қоштасуы мүмкін ойыншылары: Ахметов, Аршавин, Бақаев пен Бато! Елдегі ең үздік инфраструктураға иелік ететін клубтың, өзге футболшылары қатаң ескерту алып, негізгі құрамдағы орындары үшін барын салатын ақиқат! Бұл жанкүйерлердің пайымы!