Ел мақтаған, һәм қыз жақтаған серілердің тағы бірі таяуда - бойдақтықпен қоштасуы мүмкін-ау. Әли Оқапов бақыт құсын қолына қондыруыға ниетті сынды. Жеке өмірі жайлы тіс жармайтын әншінің «құпия той суреттері» желіге жарияланып кетті. Қалыңдығы - «Асылдық» ару Ақерке Бүркітбай!
Роза Рымбаеваның келінді болуды көптен армандап, Әлиінің құлағының құрыш етін жеуі заңдылық. Халық әртісінің ақ босағасын аттайтын арумен танысуды жұртшылық та сарыла тосады. Бойдақ сері Оқапов анасынан еншісін бөліп, жеке пәтеріне қоныстанды! Бұл Әлидің құсын қолына қондырып, отбасылық өмірге қадам басуға қамдануына көбірек ұқсайды.
Редакциямызға келіп түскен мына эксклюзивті кадрларда Әли серінің қалыңдығы кейіпінде - «Асылдық» ару Ақерке Бүркітбайды байқадық. Мәселенің мән-жәйін білмекке хабарласқанымызда қобызшы бикеш қысқа қайырды.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі: – Әзірге ол суреттер туралы ешнәрсе айта алмаймын. Ешқандай ақпарат бере алмаймын сіздерге, өкінішке орай!
Әли Оқаповтың өзі де жауаптан жалтарды. Бұған дейін де, Тұрсын Алагөзов пен Баян Мақсатқызының той суреттері жарияланып, жұрттың асқан қызығушылығын туындатқанды. Жұлдыздардың жеке өмірі арқылы ивент агенттіктер жарнама жасауға машықтанғанын сол сәтте ұққанбыз. Сондықтан, Әли Оқапов пен Ақерке Бүркітбайдың бұл фотолары кезекті жарнамалық әрекет болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз. Дегенмен, екі өнер иесінің де жауаптан қашқақтауында бір мән бары түсінікті.