Бүкіләлемдік отбасы күнін мерекелеудің қазақстандық үлгісі қандай?
15.05.2017
15 мамыр - халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу - түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Мемлекеттің өзегі болып табылатын жанұя ұғымы қазақ халқы үшін де сан ғасырдан бері өзгерген емес.
Қазақ халқының көшпенділік дәуірінен бүгінге мызғымай жеткен құндылықтарының бірі - жарды сүю, ұрпақ өрбіту, отбасын сақтау. Жанұя болудың 21-ғасырда болмысы өзгергенімен, идеясы құнын жоғалтпады. Бүгінгі сіздер сүйтін романтиканың да бастауы сонау мыңжылдықтарда жатыр.
Сан түрлі сынды басынан өткерсе де, 70 жыл жұптары жазылмай келе жатқан Әбдібақас Бүйенбаев пен Ажархан Жанұзақова мыңдарға үлгі. Ұлы Отан Соғысының ардагері Әбдібақас ақсақал мен күміс алқа иегері Ажархан әженің 6 баладан тараған, 16 немере, 35 шөбересі бар.
Ажархан Жанұзақова, Әбдібақас ақсақалдың жұбайы:
– Соғыс біткенде келген соң, мына кісі бұйырған кетпейді деп үйлендік. Жаман болғанымыз жоқ. Жақсы тұрдық, жұмысын істеп, мен жұмысымды істеп. Балаларды өсіріп, бағып осы хәлге келдік.
Майданда болып елге аман оралған Әбдібақас ақсақал 1947 жылы Ажархан әжейді сыртынан көріп ұнатып алып қашқан екен. Басты игі мақсат отау құрып, ұрпақ сүю. Ардагер қария соғыстан кейінгі жасаған екінші ерлігін әзілмен еске алады.
Әбдібақас Бүйенбаев, ҰОС ардагері:
- Сөйтіп алып қашқан тәтелерің болады. Жетпіс жыл бірге өмір сүріптік. Алты баланы тәрбиеледі, балалардың барлығы жоғарғы білімді. Әрқайсысы өз-орнында.
Бүкіләлемдік отбасы күні қанатын әлі кең жая қоймаған танымал мереке болмаса да, жер бетіндегі жанұялар бұл қуанышты өзінше атап өтеді. Бастысы жылы лебіз, шағын сыйлық пен махаббат болса жеткілікті. Хас ақын Қасым Аманжоловтың «Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер» деген сөзі – әр шаңырақ қағидасындай болса құба құп.