"China Town" тобының экс-мүшесі Алтынай Сапарғалиеваның қазіргі өмірі қандай?
27.04.2017
Әуел баста Алтынай Сапарғалиева қиындықтарынан қашып Лондонға тартып кеткенді. Себебі, дәл сол кезеңде асыл анасынан көз жазып қалды. Одан қалды, "China Town" тобының продюсерімен, гелз-бендтегі қыздардармен тоқтаусыз текетірес қажытып жібергенді.
Алтынай Сапарғалиева, "China Town" тобының экс-әншісі:
– Динара мен Настя қосылып, өз алдарына бөлек өмір сүрді де, мен жалғыз жүретінмін. Жандарына жақындатқысы келмейтін. Топқа кіріп, келісімшартқа қол қойған кезде, «Суперстардың» жалғасы болатын шығар деп түйгенмін. Бірақ, үмітім ақталмады. Біздің өз ойымызды айтуға құқығымыз жоқ еді. Мен ол кезде өзімді бақытсыз сезіндім.
Сәл кейінірек, Лондоннан елге қайта оралып, туған қаласы Ақтаудағы мейрамханалардың бірінде ән салып жүрді. Сол кезде Америкалық азаматты құлай сүйіп, онымен қол ұстасып Нью-Йоркке аттанғанды.
Алтынай Сапарғалиева, "China Town" тобының экс-әншісі:
– Мені Америкалықтардың бойындағы еркіндік таңқалдырды. Бірде, Манхэттен жаққа барғанымда, құстың ұясын басына киіп алып, көшеде қыдырып жүрген жігітті көрдім. Мен туралы көпшілік не ойлайды, бұл қылығыма күле қарай ма деген ой, оны мүлде мазаламағанын көріп, таңдандым. Маған бұл көрініс үлкен жігер сыйлады.
Өз көзқарасы мен ұстанымына сай ортаны тауып, сүйіктісімен бір шаңырақ астында алты жыл тұрған соң, олардың жолдары екіге айырылды.
Алтынай Сапарғалиева, "China Town" тобының экс-әншісі:
– Ертегідегідей махаббатты бастан кешірдік. Бірақ, әрі қарай бірге бола алмасымызды түсінген соң, қош айтыстық. Бірақ, мен оған әлі де арқа сүйеймін. Құжаттарымды реттеуде жүгіре келіп, жәрдемін беруге дайын.
Алтынай азаматтығын ауыстырып, америкалық паспорттың иегері атанды. Бұл ісіне өкінбейді. Себебі, Нью-Йоркте алаңсыз жұмыс істеуіне бұл құжат ауадай қажет. Бүгінде, сылқым The Big Apple-дегі қонақүйлердің бірінде қызмет атқарады.
Алтынай Сапарғалиева, "China Town" тобының экс-әншісі:
- Өзге елдің құжатымен келген адамның еңбегін жеп кететіндер көп. Оларға жалақы да өте аз мөлшерде төленеді.
Актриса атанамын, әншілік мансапты жалғаймын деген амбициясын кейінге қалдыруға тура келген. АҚШ-та ән салуға құмартқан жандар жетерлік дейді ару.
Алтынай Сапарғалиева, "China Town" тобының экс-әншісі:
- «The Voice» шоуының іріктеуіне барып, өз кезегімді күтіп 12 сағат отырғанмын. Тапжылмастан отыра берсем, үш күн тосуға тура келетінін түсіндім де, қатысудан бас тaртып кетіп қалдым.
Мекенім мен құжатымды ауыстырғаныммен, қазақ деген қаныма адалмын,- дейді сылқым.