Жұртты тәнті қылған тәртіп сақшысы! Алматы марафонында ресейлік полиция қызметкері топ жарды
24.04.2017
Елдің тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының барлығы дәл осы жігіттей болса дерсіз. Күні кеше өткен Алматы марафонында ресейден келген полиция қызметкері 42 километр қашықтықта қарсыластарын шаң қаптырып кеткен.
Таңғы сағат 7-ден бастап Алматы марафонына жиналған желаяқтар сағат тілі Астана уақыты бойынша 8:00-ді соққанда жарысты бастады. Биыл 6-шы мәрте жалауын көтерген қайырымдылық шарасына Қазақстанның барлық аймағы мен әлемдегі 38 мемлекетінен әуесқой спортшылар қатысуға ниеттеніп, 13 мыңнан астам адам өтініш білдірген.
Бұл додада бақ сынаған қатысушылар 3, 10, 21 және 42 километр қашықтыққа жүгіріп, жеңіске жету жолында барын салды. Ал, 42 шақырымда ресейлік полиция қызметкері Николай үздік деп танылды. 35 жастағы тәртіп сақшысы, соңғы 5 жылын жеңіл атлетикаға арнаған. Бас жүлде еншілеген жігітке 350 мың теңге табысталды.
Николай Григоров – жеңімпаз (Ресей):
- Жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Жарыс жолында 25 километрге дейін жоғарыға қарай жүріру өте қиын болды. Одан кейін мәреге жетер сәтте, яғни Абай даңғылына көтерілгенде сәл қиындық туындады. Өзге қарсыластардыің да қарқыны мықты екенін айтқым келеді.
Иә, өздеріңіз көріп тұрғандай, жарыс жолында сүрінгендері де бар. Дегенмен, игі істі қолдаған қатысушылар үшін жеңіске жету маңызды емес. Ең бастысы қайырымдылық шарасына қолдау көрсеттік дейді.
Серікбол Үсен, қатысушы:
- Жеңіс емес бастысы! Қайырымдылық көрсету, мұқтаж адамдарға көмектесу сол.
Мырза Еркінбеков, қатысушы:
- Жақында ережесіз жекпе-жектен кәсіпқойлар арасында жекпе-жегім бар. Сол жекпе-жектің алдында өзімді сынап көрейін деп едім 21 км шақырымда.
Ауқан Мұқатанов, қатысушы:
- Давлением кетті. Содан жүгіруді бастадым. Содан осындағы марафон, Қырғызстандағы марафонға жүгірдім. Россиядағы марафонға жүгірдім. Бәрінен жүлделі орын.
Ал, 6-шы марафонның соңы махаббат хикаясымен аяқталды. Аталмыш шарада бақ сынаған жігіт, сол сәтте сүйіктісіне ұсыныс жасап, Қазақстандағы жанұялардың санын тағы бір отбасымен толықтырды.