Әлемдік тұлғаға айналған Головкиннің бір костюмінің құны қанша?
28.03.2017
Геннадий Головкин бүгінде әлемдік танымал тұлғалардың көшіндегі спортшы. Оның киген киімі, сөйлеген сөзі, әр істеген әрекеті қырағы жұрттың жіті назарында. Головкиннің стиліне кім жауапты? Оның бір костюмінің орташа құны қанша?
Головкин соңғы қарсыласы Джейкобспен өткізген баспасөз-кешінің біріне арнайы костюм алу үшін қымбат дүкенге бас сұққан. Бұл жерде Геннадийдің бағалы әрі тұрақты клиент екенін, оған көрсетілген қошеметтен аңғарасыз. Әлемнің 100 елінде жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілетін жұлдызды боксшының имиджі өте маңызды. Мамандар пікірінше, Головкиннің бір костюмі кемінде 4500 АҚШ долларын құрайды. Инстаграм парақшасынан-ақ Генаның тек сәнді, әрі құнды киімдерге әуес екенін байқайсыз.
Жұрт алдында жарқырап киініп жүруге бала кезден құмар Жанқош Тұраров та, қымбат киім дүкендерін жиі аралайды. Боксшы рингтен тыс өмірінде сұхбат береді, бейнебаянға түседі, үнемі салтанатты жиындардың құрметті қонағы. Ол 21-ші ғасырдың «адамды киіміне қарап қарсы алу» қағидасына үнемі сай болуды өзіне парыз санайды.
Жанқош Тұраров, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы:
– Адам көркі шүберек дейді ғой. Қазіргі заманда адамдар бір-бірін киімдеріне қарап сынап жатады. Елдің ортасында жүресің, қонаққа шақырады, осылай түсірілімдер болады. Барлық жерге бірдей киініп барған дұрыс емес.
Жанқош Тұраров бір жылда орташа есеппен 1 500 000 – 2 000 000 теңгені тек киімге жұмсайды. Ол Алматыдағы атақты сауда дүкендерінің VIP сатып алушысы санатында. Дегенмен боксшы сырты бүтін, іші түтін пендеге айналудан сақтану керек дейді.
Жанқош Тұраров, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы:
- Қыс келе жатқан кезде норковый шуба алдым 2 000 долларға. Сол ең қымбат алған киімім биылдыққа. Көбінесе аяқ киім аламын. Мамам айтады, сен осы аяқ киімнен үй саласың ба деп ұрсады маған.
Танымал қазақстандық спортшылар арасында бағалы киімге оранған бағландарды жиі кездестіресіз. Олардың кәсіби абыройы мен ақшалай табысы бүгінгі статусының айғағы.
Футболшылар Бауыржан Исламхан мен Ұлан Қонысбаевтар 100 000 теңгеге жейде, 400 000 тұратын аяқ киімді қиналмай алады. Жекпе-жек өкілі Арман Оспанов пен боксшы Қанат Ислам да, 2 000 долларға татитын костюм кигенге құмар. Бұл бекзадалар секілді жарқырап жүре алатын отандастарымыздың бір парасы ғана.