АҚШ-тан эксклюзив! Америкалықтар қазақтың ою-өрнектеріне неге құмар?
25.04.2017
Мұхиттың арғы жағындағы қандастардың тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтын көріп, «Ревю» үшін эксклюзивті репортаждар түсіруге АҚШ-қа аттанған Әділ Лиян Нью-Йорктегі дизайнерлермен кездесті. Әлемнің екінші сән астанасы саналатын мегополис тұрғындары қазақтың ұлттық киімдеріне асқан қызығушылық танытады екен.
Қарағандыда туып-өскен Сабина Сага жан қалауындағы кәсіптідамыту үшін мұхит асады! Әуелі Лондондағы «University of the arts» көркемсурет мектебін тәмамдап, Нью-Йорктің фэшн институтында тәлім алады. Бәсекелестік өршіп тұрған өлкеде өз тегігін тауып, кірпіш болып қалану үшін Сабина Миланға аттанып, оқуын жалғайды. Дәл сол алаңда Оскар Де Ла Рентамен қоян қолтық іс атқарып, Каролина Эррера мен Вера Вонгтың мектебінен өтеді.
Сабина Сага, сәнгер:
- Халқыма тән этникалық стильді бұрыннан танытқым келетін. Бірақ, біз дәріс алып жүргенде, берілген тапсырманың аясынан аспай іс атқару қажет болды да, мақсатымды жүзеге асыру кейінге ысырыла берді. Нью – Йорк халқы қошқыл түсті, тек ыңғайлы киімдерге ғана таңдау түсіреді. Сол тенденцияны кішкене болса да өзгертіп, ерекше дүние ұсынғым келді.
Талмай жиған тәжірбие мен білім қаршадай қызға Лондон, Нью Йорк фэшн уиктердің есігін айқара ашты. Тек, бұл подуимға кірпияз сәнқойлардың бұрын-соңды көзі шалмаған тың дүниемен келуі қажет еді. Нәтижесінде, ұлттық нақыш өрнегін замануи өнермен ұштастырып, оюлы киімдер мен аксессуарларды 3д принтерден басып шығарды. Сол топтамасын «Оксфорд Фешн Студио» - мен бірлесіп Германия, Ұлыбритания мен Ақш сән сахналарына алып шықты.
Сабина Сага, сәнгер:
- Менің коллекциямды зор таңданыспен, асқан қызығушылықпен қабылдады. Себебі, америкалықтар үшін бұл тың стиль.
Сабина Саганың отанына, жерлестеріне деген құрметі ерекше. Сондықтан, Әділ Лиян, Нұрлан Батыров пен Шәріп Серік келіп, өзімен тілдесетінін естіген бойда, өзі қазір тұрып жатқан Нью-Йорктегі Таймс Скверде арнайы фотосессия ұйымдастырды.
Сабина Сага, сәнгер:
- Нью-Йорк халқының киімге деген көзқарасы сан қилы. Мәселен, кейбірі Мэдисон авенюдағы лакшери бутиктерден сатып алса, біраз бөлігі Парижге барып, сән сахнасынан тікелей қол жеткізеді. Кейбіріне масс-маркетте ұсынылған луктар да жеткілікті. Бірақ, мұндағыларға тренд қуу жат нәрсе. Олар ерекшелікті қалайды.
Нью – Йорк фэшн өндірісінің қазанында қайнаған жалғыз Сабина Сага ғана емес. Аузын айға білеген брендтердің сұранысындағы Злата Семенко, Алена Субботина, Бибисара Шәріповалардың да The Big Apple -да жұлдызы жанған.
Бибісара Шәріпова, сәнбике:
- Сәнбикелердің барлығы мол қаржы табады деу әбестік. Мұнда бәсекелестік жоғары. Мәселен, азиялық типтес Қытай, Корей, Жапон елінің бойжеткендері көп. Олардың арасынан сытылып шығып, биікке жетуің үшін адами қасиеттіңнен айырылып қалмау маңызды.
Адамдарының бәрі асығыс, сәні мен салтанаты жарасқан Нью-Йорктегі фэшн өмірдің қиындығы басым болса да, бұл бойжеткендердің әл-әзірге елге оралар ойы жоқ.