Дəретханаға қарап туристік сервистің ахуалын қалай білуге болады?
20.04.2017
Отандық туризмді дамыту тақырыбы еліміз үшін аса актуалды мəселе. Əккі саяхатшылар сөзінше дəретханаға кіргеннен-ақ, мемлекеттің туризмі деңгейін анықтауға болады екен.
Алматыда өткен халықаралық «Туризм және Саяхат-2017» жәрмеңкесінде халық мол. Олардың көпшілігі жазда отбасымен саяхаттауға болатын, еліміздің қызықты өңірлері туралы ақпарат іздейді. Демек, ішкі сұраныс бар. Қазақстанға шеттен келетін туристердің де тәбеті жақсы. Бірақ бізде жарнама жетіспейді.
Өмірзақ Жүсіпов, ОҚО туристік компаниясының өкілі:
– Қазір Қазақстанды Астана деп жарнамалап жатыр. Өзіміздегі ұлттық стилистика туризмде жоғалып қалған. Шет елдік елімізге келгенде этностилистиканы іздеп келеді. Бізде оны көрсететіндей мүмкіндік болмай жатыр.
Туризмде табысты болудың бұлжымас қағидасы - тартымды, әрі ұтымды жарнама. Өз насихаты үшін шаш-етек шығындалатын Грузия мен Қырғызстан, қазір соның жемісін жеуде. Саяси әрі экономикалық дағдарысқа қарамай, 12 айда 43 млн. қонақ қабылдаған Түркияның деңгейі, әзірге тек арман. Осы сала мамандарының сөзінше, мейманды тылсым табиғатыңмен таңқалдыру бір бөлек, ал әккі турист дәретханаңа қарап-ақ сервисіңді бағалайтын көрінеді.
Рашида Шайкенова, Қазақстан Туристік қауымдастығының директоры:
– Туристердің көпшілігі қарапайым дәретхананың өзінен бастап сізді сынайды. Бұл - деңгейді салыстыру. Тау-табиғатымызды көрем деп келген саяхатшыға осындай қарапайым мүмкіндікті жасаудың өзі маңызды. Ең бірінші сапалы сервис, екінші баға саясаты. Бәсеке жетіспейді.
Елімізде сапалы сервис ұсынатын демалыс нысандары, қымбат бағасын да қатар қояды. Ішкі туризмді тұралатқан фактордың бірі осы. Азаматтарымыздың құны Бурабайдан арзан түсетін Тайландты таңдайтыны да сондықтан. «Экспо – 2017» көрмесінде Астанаға 6 млн. турист келмекші екен. Ақмола облысы оларды қарсы алуға білек сыбанып даярлануда. Шамамыз жете ме?
Шынарбек Батырханов, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Бурабайдың өзінде 70-тен астам туристік фирмалар бар. Олар бағдарламаларын даярлап отыр. Келетін 6 миллион туристің 2 миллионы Бурабайға барады деп жоспарлап отыр. Бурабай неге қымбат деп жатады. Біз ондай сұрақпен келіспейміз. Оны түсіну үшін біздегі сегментті білу керек.
Былтыр шекара асқан қазақстандық саяхатшы саны 18 пайызға төмендеген. Ішкі туристік бағыттарды таңдаған отандастарымыз 6 пайызға өсіпті. «Туризм түтіні түзу ұшса» дейтін отандық операторлардың парыз-міндеті әлі де көп. Суы шипа, ауасы таза, жеті табиғаттық белдеуде орналасқан, тарихы бай Қазақстанның, енді өз беткеұстар туристік брендін қалыптастыратын уақыт та таяпты.