Шымкенттің қыздарына ән арнаған Төреғали, өзге аймақтың аруларын өкпелетіп алды
16.03.2017
Джентельмен, асфальт, салон! Бүгінде Төреғалидің әндері дәл осындай сөздерден құрылатын болған. Алашқа ақындығымен танылған өнерпаз, ән әлеміне бет бұрғалы мәтінге мән беруді қойған сыңайлы. Той әндерінің жетегінде жүрген жігіттің соңғы синглы, тіпті, белден төмен түсіп кеткен.
«Бір түрлі қызынан» кейін, Төрештің репертуары 100 % өзгергендей. Мәселен, жақында ғана тұсауы кесілген трегін тыңдасаңыз, табыстың көзін Шымкенттен тауып жүрме деп қаласыз. Хитмен жаңа әнінде шырайлы Шымқаланың аруларын асыра мақтап, тіпті «қысқа белдемшенің» аудармасын таба алмай қатты сасқан.
Тек бұл әнге енген өлең жолдары, өзге өңір аруларына жақпай қалса керек. Олардың Төреғалиға деген өкпе-реніші қара қазандай.
- Мен Төреғалимен келіспеймін. Себебі әр жақта қысқа киетін де, ұзын киетін де қыздар болады. Ол деген бүкіл қыздардың атынан, «жаңағы шымкенттік қыздар кимейді, басқа жақтікі киеді» дегендей әңгіме айтуға болмайды.
- Тек қана Шымкент емес, басқа өңірлерде де мини-юбка кимейтін қыздар бар.
- Төреғали әнші бәрімізге белгілі. Бірақ, оның айтқан әндерінің контекстінде айтылған қыздарға қатысты жерлеріне келіспеймін...
«Шіли» диалект сөзін қолданып, «қысқа-юбкамен» ән мәтінін әрлегісі келген Төрешті, әріптестері қорғаштап әлек.
Әсет Қарабалин, «Заман» дуэтінің әншісі:
- Қазір біз оған қарсы шыққанмен, результаты жоқ оның. Өзіміз ондай әндерді тыңдамаймыз, ондай әндерден қашамыз.
«Mezzo» тобы:
- Негізі барлық қазақтың қыздары инабатты, ибалы болғанын қалап, сөйтіп енді «намек» дейді былай айтқанда, белгі ретінде жазған шығар.
Ал, бір аймақтың көңілін аулаймын деп, өзге өңірдегі сұлулардың сынына қалған Төреғали бұл олқылықтың орынын қалай толтырыр екен?