Баян Есентаева Kazakhstan Fashion Week ұйымдастырушыларына неге өкпелі?
24.04.2017
Сәнқойлар бас қосқан алаңнан некен-саяқ бой көрсететін Баян Есентаева Тұрсын Алагөзовты ертіп, Kazakhstan Fashion Week-тің жабылу салтанатына келгенді. Тек, подуимның дәл алдында отырса да, өзі пір тұтатын Аида Кауменованың тың топтамасын тамашалауға мүмкіндігі болмады.
Fashion басқосуларды жаны қаламағанымен, Аида Кәуменованың әр көрсетілімін қалт жібермейтіні хақ. Бүгін де, Баян Мақсатқызы тығыз кестесінен уақыт тауып, Kazakhstan Fashion Week-тің осы маусымын қорытындылайтын топтамалармен танысқысы келгенді.
Баян Мақсатқызы, продюсер:
– Аиданың топтамасын көруге асық едім. Бірақ, дәл алдымнан өтіп жатқан сәнбикелерді анықтап көре алмадым. Себебі, ұйымдастырушылар жарықты дұрыс қоймаған.
Бармақ тістеуге асықпаңыз, Баян Мақсатқызы! Себебі, сіздің мінсіз мүсініңізді айқыштай түсер дүниелер жоқтың қасы. Аида Кәуменова бұл жолы барынша кең етекті көйлектер тігіп, плюс сайз арулардың сұранысын қанаттандыруды құп көрген. Бірер апта бұрын ғана Астанада таныстырған коллекциясынан мүлдем бөлек, жаһандық трендетерді негізге алып тың луктар жасаған. Бұл жолы сәнгер этникадан алыстау болуға тырысытым дейді.
Аида Кәуменова, сәнгер:
– Шабыттан гөрі, біз бірінші трендтарды қарауымыз керек. Сол трендқа лайық шабытымыз шығады. 46+ деген размерларды жасап жатырмыз. Плюс сайз. Өйткені, біздің клиенттарымыз тек қана модельдер емес, тек қана жас қыздар емес.
Үйреншікті ұлттық ою-өрнекті, камзол, бешпет, бүрмелі көйлекті бұл жолы Жадоның да коллекциясынан көре алмадық. Сән үйімен Астанаға қоныс аударғындықтан, дизайнер бас қаладағы іскер аруларға негізделген прет-а портені ұсынды. Ернін жүрек іспетті шиедей бояп алған модельдерге кэжуал мен қарапайым классика үлгісіндегі луктарды киігізіп, өзінше сең қозғағысы келгені байқалады. Биік платформалы аяқ киімдері өз алдына бөлек әңгіме.
Жадыра Сахиева, сәнгер:
– Көп жасаған жоқпыз бұны. Аз жасадық. Бұның бәрін сатып алып тұр. Біз сол кісілерден сұрап алдық, шыны керек. Біз көрсетейікші енді содан кейін берерміз деп. 10-20 жасадық. Сұраныста өте жақсы болып тұр. Өйткені, ыңғайлы ғой. Сосын сәнде осы жылы.
Соңғы жарты жыл жұмыстан бас көтермеген Сергей Шабуниннің бейнелеу өнерінен шабыттанғаны анық. Әдетте, үйлесімсіз көрінетін түстер мен маталарды ұтымды ойнату арқылы, сылқымдардың нәзік болмысын айқындай түскен.
Сергей Шабунин, сәнгер:
– Қара түсті жек көремін және оны кию ақымақтық деп білемін. Әлемде қаншама реңктер бар! Бір көйлектің өзі 4 ай тігілді.
Kazakhstan Fashion Week-тің кезекті маусымы осымен тәмам! Дегенмен, сәнгерлер қазірдің өзінде тың топтама жасауға кірісіп кеткен. Бәсекелестер саны молайған сайын, сәнгерлерге дамалдауға уақыт жоқ.