Алматы метрополитенінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді
04.04.2017
Санкт-Петербор шаһарының метросында болған терактіден кейін, Алматы қаласында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазір оңтүстік астана метрополитенінде күзет қызметкерлерінің саны артып, жолаушыларды тексеру қатаң режимде өтуде.
Серік Ноянбайұлы, журналист:
– Мынадый жүк салатын сөмкелерді арнайы рентген аппараттары арқылы тексеруден өткізеді. Бәрі дұрыс болса жөніңізбен кете барасыз, ал егер күдік тудырсаңыз сізді қауіпсіздік қызметкерлері күтіп алады.
Жеті станциядан тұратын еліміздегі жалғыз Алматы метросымен күнделікті 40-45 000 жолаушы қатынайды. Әсіресе, таңертең және кешке уақыттарда адамдардың ағыны мол. Олардың қауіпсіздігін сақтау үшін, қатаң тексеру жұмыстарын жүргізу өз нәтижесін беріп келеді.
Бақытжан Әбдірахманов, «Метрополитен» ҚММ қауіпсіздік қызметінің бас маманы:
– Қауіпті заттар анықталып жатыр. Жылдың басынан бастап. Айтарлықтай жарылғыш заттар табылып жатқан жоқ. Өткен жылы автоматтардың оқтары табылды.
Қазір Алматы метрополитеніндегі сақтық шаралары күшейтілді. Бұған басты себеп, 3-ші сәуірде Санкт-Петербор қаласының метросы тарихындағы ірі терактінің тіркелуі. Оның салдарынан 11 адам қаза тауып, көптеген жолаушылар жапа шеккен. Оңтүстік астана метросын пайдаланушылардың қауіпсіздігі мақсатында да, ерекше режим іске қосылған.
Бақытжан Әбдірахманов, «Метрополитен» ҚММ қауіпсіздік қызметінің бас маманы:
– Көлік қауіпсіздігінің қызметкерлері 113 адам бар штатта. Әрбір ауысымда 23,24 адам келіп отырады.
Мұнымен қатар, әр станцияда қаруланған 2,3 құқық қорғаушысын кездестіруге болады. Олардың қызметіне халықтың көңілі тоқ.
– Қауіпсіздік болса, ондай нәрсе болмайды ешқашанда. Біздің Қазақстандамызда тек қана бейбітшілік болсын. Тыныштық болғанын қалаймыз. Тексеріп жатыр - ол да дұрыс, кезекші жүр - ол да дұрыс. Бәрі халыққа жасалып жатыр, рақмет.
– Тексеру керек бәрін. Өйткені неше түрлі адамдар бар, неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Әлемде неше түрлі оқиғалар болып жатыр.
– Қауіпсіздік өте маңызды. Сөмкелеремізді тексереді. Бірақ бұл тұрғындарға кедергі болмауы тиіс.
Ағылған пойыздар, сабырлысқан адамдар. Алматы метрополитеніндегі бұл қалыпты картина бұзылмақ емес. Дегенмен, әрбір жолаушының қырағылық танытқаны да маңызды. Күдікті, әрі иесіз жатқан зат көрсеңіз, дереу метро қызметкеріне хабар беріңіз. Өз еркіңізбен әрекет жасауға кеңес етілмейді.