ШҚО-да мемлекеттік қызметшіні әлеуметтік желідегі суреті үшін жұмыстан босатты
29.03.2017
Шығыс Қазақстан облыстық Әділет департаментінің қызметкері желіге жүктеген суреті үшін жұмыстан қуылды. Айыптының жариялаған фотолары қоғам өкілдерінің қатты наразылығын тудырған екен. Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтауының ахуалы қандай?
Сыншыл халықтың ел алдында жүрген жандардың әр ісін жіті бағып отыратыны түсінікті. Бұл топқа үлкенді-кішілі лауазымы бар мемлекеттік қызметкерлер де кіреді. Билік құрылымында еңбек етудің құрметі мен артар салмағы тең. Сәл шалыс бассаң сын найзасына іліккенің.
Қуат Домбай, қоғам белсендісі:
– Министрді, әкімшілікте істейтін адамды ресторанда арақ ішіп мас болып жатқанын көрсе, бәрібір оның абыройы түседі. Мен ойлаймын, егер адам мәдениетті болса ол жұмыста, отбасында, ресторанда жүрсе де мәдениетті болады.
Мемлекеттік қызметкер халық алдындағы биліктің айнасы. Түрлі деңгейлі мемлекеттік жұмысшыларға, ел алдында өзін дұрыс ұстау және көрсету хақында дәріс беретін пиар маманы Әлішер Елікбаевтың кеңесі мынадай.
Әлішер Елікбаев, PR маманы:
- Адам әр нәрседе талантты бола алмайды. Бұл аңыз. Мысалы, көптеген өнер жұлдыздары біліп және білмей әрекет жасап, өзін жаман атты қылып жатады. Жеке басың дауға ілігіп, беделіңе нұқсан келгенде кәсіби пиар мамандарына жүгіну қажет.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкердің тәрбиесіне, сөзіне, сыртқы келбетіне қатысты талап-кеңестерден құралған әдеп нормасы бар. Оның жұмыс барысында сақталуын әр мелекеттік мекеме өз шамасынша қадағалайды. Дегенмен, жеке өмір сүрудің құқығын ешкімнің шектемеуі де маңызды.
Қуат Домбай, қоғам белсендісі:
– Жұмысымда мен бір адаммын, жұмыстан тыс басқа адаммын. Ол да адам. Демалғысы келеді, өзі үшін де өмірі де құпия болуы керек.
Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропаның көптеген елдерінде мемлекеттік қызметкер жаңылыс басса жұмысынан қуылады. Олардың кәсіби және адами имиджіне қатысты қойылатын талаптар қатаң. Бұл тенденция Қазақстанда да қалыптасуда. Алайда, өз-өзіне қожа болуды, еркіндікті сүйетіндерге бизнеске бетбұрыс жасаған жөн дейді білетіндер.
Қайрат Құдайберген, кәсіпкер:
– Мен өзімнің замандастарыма қараймын да олардың көпшілігі сот, прокурор, мемлекеттік қызметте істегісі келген. Ал қазір адамдар өзіне – өзі қожа болу үшін жаңа қадамдар бастап жатыр. Бұл тренд ең жақсы.
Мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік желіде немесе жұрт алдында өз-өзін ұстауына біздің билік бүгінде аса талғампаздықпен қарайды.