Ademi енді актриса! Киноға тұңғыш қадам басқан әнші, бірден басты рөлге бекітілді
04.04.2017
Адэми енді актриса! Бірақ, жаңа қырынан танылу құны, сылқым үшін тым қымбатқа түскен! Әуелі, қолаң шашын шолтитып кесіп тастауға тура келген. Одан соң, түсірілім жұмыстары аяқталғанша мүлде айнаға қарауға тиым салыныпты.
«Вузеры», «Патруль», «Айжан», «Бәсеке» сынды телехикаяларды көрерменге тарту еткен Айгүл Ақсамбиеваның кезекті туындысы. Режиссер 90-шы жылдардың тоқырауымен бірге, мансабы да құзға құлдилаған әнші қыздың тағдырын қысқа метрлі картина арқылы көрсетуді көздеген. Сценарийін түзіп, бірден Адэмиге оқытуға әкелгенді. Оқиғаның жүрек тебіренткені соншалық, сылқым көз жасына ерік берген. Сол сәтте, Айгүл Ақсамбиева басты рөлді кімнің сомдауы қажет екенін ұққан. «Кейіпкердің Дина аталуы да тегін емес», - дейді режиссер!
Айгүл Ақсамбиева, режиссер:
– Дина - Адэми! Алғашқы рөлі болса да, өзінің ішіндегі нәзік жандылығы, өзінің сезімталдылығы, өлеңдерінен еститін бір ішіндегі ноталарының бәрін шығара алатын терең адам. Cондықтан, оған аса қиынға да соққан жоқ. Әдемі ойнап шықты. Шығармашылық шөлімізді қандыратын туынды болады деп ойлаймын.
Соңғы күшіме дейін осы жоба үшін сарқуға дайынмын!Әр түсірілім басталар алдын, Адэми режиссерден талапты күшейте түсуді сұраймын, дейді.
Адэми, әнші:
– Түсірілім жұмыстары басталғалы, бірде-бір рет айнаға қараған жоқпын. Себебі, актриса бет-әлпет ойлап, өзіне жүктелген міндетті толыққанды орындай алмайды. Мына образ да менің жаныма жат. Дегенмен, кино талап еткендіктен, ұзын шашымды қиып тастадым. Режиссердың айтқанын екі етпеуге тырысып жатырмын.
Дағдарыс дәуірінің салқыны тиген шығармашыл жанның бірін Азиз Бишеналиев сомдайды! Өзіне ұсынылған рөлдердің әрбірін жіті сүзгіден өткізіп, санаулыларына ғана келісімін беретін тісқаққан актер бұл қысқа метрлі картинаның ерекше боларына сенімді.
Азиз Бишеналиев, актер:
– Кино әлемінде, «экран көрсетеді» деген нақыл бар. Сондықтан, нәтижені жоба аяқталғанда анықтармыз. Әзірге, біз барымызды салып жатырмыз.
Фильмнің көрерменге қашан жол тартатыны әзірге белгісіз! Дегенмен, түсірілім тобы жоба кинофестивальдерге аттануы мүмкіндігін де жоққа шығармайды.