Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
Гүлнұр Мамасарипова дәстүрден таймай «Келінжан 3» фильмінің жабық көрсетілімін өткізді. Әдетте актерлық каст бас қосатын премьерада Күлімхан апаның әулеті толығымен жиналмады. Дариға Бадықова, Рүстем Жаныаманов, сондай-ақ, командаға қосылған Олжас Абай, Қайрат Әділгерейді соңына дейін күткенімізбен, актерлер сол күйі келмеді. Кинопродюсерлердің өз картиналары прокатта болғандықтан бәсекеден қорықты ма, әлде шынымен уақыт тапшылығы ма ол бізге беймәлім.
Күлімхан әженің балалары мен келіндері әкім болуға ниетті. Алайда таласты тартыс отбасының ойрандауына себеп болуы мүмкін. Бұл халықтық кино аталып кеткен «Келінжанның» үшінші бөлімінің концепциясы.
Гүлнұр Мамасарипова, кинопродюсер:
– Саундтректі RaiM орындайды. Кез-келген ұсынысты қабылдай бермейді. Құрбыңыз Еркеге қолқа салдыңыз ба?
– Иә, десем, осы «Cartier» шыққан кезде ең бірінші мен тыңдап, күшті екен деп қалғанмын.Кейін Ерке: «Гүл әпше сол әнді «Келінжанға» алғыңыз келсе, күйеубалаңыз берсін,»-деп күлген. Бірақ сұрауға батылым барған жоқ.
Сосын Ерке түсініп тұрмын ғой, сіз алыңыз деген соң, қуана-қуана алдым.
Толықметрдің үшінші бөлімі қызыққа толы. Бұл маусымда Оchooou сомдайтын Аман кейіпкері Қылышбекті біраз әбірге салып, махаббат үштігін құрмақ.
Гүлнұр Мамасарипова, кинопродюсер:
– Неге Олжакс Абайға таңдау түсті?
– Кішкене Дариға екеуінің тандеміне сілтеме жасағым келді және көрерменге өтетінін білдім. Сосын Олжас өте мықты актер. Фильмнің ажарын ашады-ау деген оймен ұсыныс жасадым.
Актерлық кастқа таңдалғандар арасында блогер Bibomen де бар. Қаланың сырбаз жігіті ауылдың қарапайым полицейін сомдау үшін біраз дайындалған-ды.
Bibomen, блогер:
– Эпизод болса да мен үшін үлкен жетістік. Сол ауылдың шынайылығын бұзып алмайыншы, беті жылтыраған блогер болмайыншы деп тырыстым.
Картинаға 150 миллион қаржы жұмсалған. Продюсер төрттіктің бірін де ренжітпей бірдей гонорар төлеген екен.
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
- Балқия рөлі ол менің жұлдызды рөлім. Халықтың сүйікті образына айналды. Мені Балқия деп жақындарым айтпаса, танып жатқан кісілер бірден Балқия дейді.
Дәулет Өсербай, актер:
– Осы 3-маусымды асыға күттім. Танымал актерлер түсті, сценарий де күшті сонымен қатар менің күшті мақалдарым шығады.
Роза Әшірбаева, блогер:
– Бірінші моменттен бастап, бірінші секундтан бастап туысқаныңды көргендей қуанасың. Үйреніп қалғанбыз ғой. Жақсы шыққан.
Мамасарипова мұнымен тоқтап қалмақ емес. Продюсер франшизаның келесі бөлімін, шетелде түсіруге ниетті екенін де жасырмады.