Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
Атауы көпшілікке ұнамауы мүмкін. “Кәріқыз” фильмінің түсірілім алаңына келдік. Туынды расында да 30+ қыздардан проблемасын көтермек пе? Көрерменге қандай ой салмақ? Актерлық кастқа кімдер таңдалған? Бірге білейік?
Гүлнұр Мамасарипова кезекті туындысын түсіріп жатыр. Кинородюсер бұл жолы кәрі қыздардың мәселесін жалау еткен. «Әлеуметтік комедияда бір арудың тағдыры арқылы біраз қыздың мәселесін жеткіземін»,- дейді.
Гүлнұр Мамасарипова, кинопродюсер:
– Баяғыда мынадай канондар болатын: мектеп бітіреміз, ЖОО түсеміз, диплом аламыз, тұрмысқа шығамыз деген сияқты. Сол деңгейде қалып қойсаң қалып қоясың. Қазір заман өзгерді. Шынында қыздардың материалдық, психологиялық жағдайы өзгеріп кеткен. Бәріміз тұлға болғымыз келеді. Ешкім қарапайым адам болғысы келмейді. Дамығымыз келеді, қатты ізденеміз. Бірақ қарапайым адам ретінде бақытты болу үшін әйелге де, еркекке де не керек, махаббат керек. Осыны көрсеткім келді.
– Сіз анасыз. Қыздарыңыздың тағдырына алаңдаудан туындаған тақырып емес пе?
– Олар да қазіргі заманның адамдары ғой. Олардың да өз жоспары, өз шындығы бар. Ойбай тұрмысқа шық деп мазаларын алмаймын. Бірақ жиі-жиі айтамын. Айту парызым. Одан олар нәтиже шығара ма жоқ па өздері білер.
Фильмнің басты кейіпкері Бибігүл есімді 35 жастағы ару. Ол карьералық мансабында жеке өмірін құрбан еткен қаракөздердің бірі. Жалғыздығының тағы бір себебі- жасөспірім шақтағы жауапсыз махаббаты. Бұл рөлді белглі актриса Толқын Нұрбекова сомдайды. Қызығы, Мамасарипова сценарийді дәл осы актрисаға арнап жаздырған екен.
– Гүлнұр ханым хабарласқан кезде қалай қабылдадыңыз?
Толқын Нұрбекова, актриса:
– Жақсы. Самоирониям жақсы. Оның үстіне Қазақстан статистикасы бойынша кәрі қыз болып есептелетін шығармын.
Қоғамда кәрі қыздарға қатысты стереотиптің бары жасырын емес. Тұрмысқа шықпаған аруларды сұрақтың астына алатындар да жетерлік. Актрисаның бұл жағдайға қатысты пікірі мынадай.
– Қашан тұрмысқа шығасың, қашан ана-атанасың деген сұрақты қоймау керек. Бұл мәдениетсіздіктің ең үлкен шыңы деп есептеймін.
Жақында киноиндустрияға продюсер ретінде аяқ басқан Рүстем Жаныамановты бұл туындыда Нұрмұрат есімді бойдақ мұғалімнің рөлінде көресіз. Актер «бұл ұстаз бұрынғы ұстаздан өзгерек»,-деп кейіпкерінің бүған дейінгі образдарына мүлдем ұқсамайтынын атап өтті.
Рүстем Жаныаманов, актер:
– Қылышбек образын қайталап қоямын деп қорықпайсыз ба?
– Жоқ, қайталамауға тырысып жатырмын. Себебі Қылышбектің денесі, дауысы бөлек. Бұл жерде өз дауысыммен сөйлеп жатырмын. Бұл жай мұғалім емес, ғашық мұғалім.
– Қашан Рүстем Жаныамановты толықметрде мачо образында көреміз.
– Менде ондай опыт болды.
– Кәмшат Жолдыбаеваның клипінде. Сол от образды қашан көреміз?
– Сол от образды өзім де сағынып жүрмін. Режиссерлер сондай рөл беріп жатса қуанамын. Мен де бүйтіп жүргім келеді десең иә?
«Кәрі қыз» фильмі 2025 жылдың ақпан айында үлкен экранға жол тартады. Жалғызбасты арулардың жанын түсінгіңіз келсе, әлеуметтік комедияны өткізіп алмаңыз.