362 АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ РОБОТОТЕХНИКА ЖИЫНТЫҚТАРЫМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ!

Сообщить о проблеме с эфиром

«R:ED fest» Қазақстанда биыл алғаш рет қолға алынған ауқымды фестиваль. Негізгі мақсаты ауыл мектептерінде білім алатын оқушылардың шығармашылығын шыңдап, инженерлік дағдыларын дамыту. Жыл басынан бері еліміздің 17 облысында республикалық олимпиада ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. 1350 қатысушының ішінен жүзден жүйрік танылған өнертапқыштар 27-28 қазан күндері елордада өткен халықаралық фестивальде бақ сынады.

Бауыржан Оразғалиев, «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы бағдарламар мен жобаларды басқару орталығының басшысы:

– Бүгінгі фестиваль жалпы білім беру саласына, «Қазақстан халқына» қорына маңызды шара. Бұл жобаны инженерлік білім беруді дамыту қорымен және «RED car» компаниясымен бірлесіп атқарып жатырмыз. Осы жобаның жетістіктері көп. 1-6 сынып оқушыларының работотехникаға, инженерлік білімге деген қызығушылығы артуда.

«R:ED fest» - «Болашақ инженерлер» жобасының жалғасы. Әлеуметтік шара аясында 2022 жылдан бері 362 жалпы білім беретін ауыл мектептері робототехника жиынтықтарымен жабдықталды. Сондай-ақ, 700 ұстаз арнайы әдістемелік курстан өтіп, біліктілігін арттырды.

Болат Жамишев, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы:

- Барлық құрылғылар 1-6 сыныптарға арналған. Осы жобаның жалғасы ретінде, болашақта жоғары сынып оқушыларын арнайы техникалармен жабдықтау жоспарда бар. «Қазақстан халқына» фонды барлық білім беру ұйымдарын қамти алмасы анық. Бірақ әр аудандардағы бірнеше мектептерге робототехникалық құрылғыларды жеткіздік.

Фестивальге Қазақстан мен көршілес Ресейден жалпы саны 500 өнертапқыш қатысты. Оқушылар «үздік инженерлік шешім» сынды 10 аталым бойынша жобаларын ұсынып, инженерлік дизайн мен бағдарламалау бойынша бақ сынады. Байқаудан кейін робототехникадан әлемдік олимпиада топ жарған Қазақстан құрамасының инженерлері қатысушылармен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ, балаларға 3D модельдеу, работотехника, тіпті ұшақ жасау саласында өзін сынауға мүмкіндік беретін арнайы квест ұйымдастырылды.

Бауыржан Оразғалиев, «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы бағдарламар мен жобаларды басқару орталығының басшысы:

- Қайырымдылық жобаларда біз үшін маңызды жобалар. Таяу арада біз бұл жобалардың жалғасын қарастырамыз.